"Денсаулық алауы" – Дендерде

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Елордасы Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы» өкімі және облыс әкімі Н.А.Ноғаевтың 2018-2020 жылдарға арналған «Саламатты өмір салты жылы» кешенді өңірлік іс-шараларының бірлескен жоспарын іске асыру мақсатындағы «Астанаға-20 жыл» ұранымен «Денсаулық факелі» эстафетасы ұйымдастырылуда.

Махамбет ауданынан бастау алған эстафета өткен аптаның сенбісінде Исатай ауданынан біздің ауданымызға жетті. Ауданға кіре-беріс тұстан аудандық мәслихат хатшысы Бағдат Сапаров, аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов сапаршыларды қазақы қонақжайлылықпен дәм ұсынып, қарсы алды. Одан әрі алау ұстаған топты оқушылар, мекеме ұжымдары орталық алаңда күтіп алып, қошемет көрсетті.

Алдымен сахнаға көтерілген Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбижан эстафета алауын құрманғазылық әріптестерінен қуанышты сәтпен, ерекше ықыласпен  қарсы алғанын айта келе, шараға сәттілік тілеп, эстафета алауын салтанатты түрде аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовқа табыстады. Сөйтіп, орталық алаңда «Денсаулық алауы» тұтатылды.

Салтанатты шарада Дарын Дүйсенбайұлы сөз алып, айтулы кештің негізгі мақсатын түсіндіріп, игі тілегін жеткізсе, аудандық жасөспірімдер спорт мектебі дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы Ақбөбек Ерғалиева қуанышты сәтімен бөлісті. Мерекелік шараға жиылған көпшілікке аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің жас спортшылары бокс, дзюдо, футбол, волейбол секілді спорт түрлерінен бірнеше көрсетілім көрсетті. Ал денсаулық сақтау саласының мамандары тұрғындардың қан қысымы мен қант диабетін тегін өлшесе, бір топ медицина қызметкерлері дайындаған флешмоб шара шырайын одан сайын аша түсті.  

Ауданымыздың өнерпаздары Рза Нұрмағамбетова мен Ерболат Кәрімов әсем әндерден шашу шашқан шарада тұрғындар «Денсаулық факелі» әр азаматтың жүрегіне жігер мен қайрат, тұмардай тұтастық қасиеттердің алауы болғай деген тілекпен тарқасты. Ал, 5 маусым күні эстафета алауы көршілес Қызылқоға  ауданына салтанатты түрде табыс етілді.

Диас АЙБАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT