Индербор кентінде 4 225 аула, 60 көп қабатты тұрғын үйі бар. Индербор кенті аумағында санитариялық тазалау қызметін «Агрострой Индер» ЖШС келісім шарт негізінде жүзеге асыруда.
Қайыржан Өтепұлының айтуынша, тазалық жұмыстарын толық көлемде орындау үшін жергілікті бюджеттен 217 520,0 мың теңге бөлінген. Бұл қаражат кенттің тұрмыстық қалдықтарын жинау, көше аумақтарын тазалау, рұқсат етілмеген қоқыс орындарының алдын алу және санитариялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау мақсаттарына бағытталған.
Сонымен қатар кенттегі қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесін жетілдіру мақсатында да атқарылып жатқан жұмыстар бар. Нақты айтқанда «AG Disinfection services» ЖШС 51 938 591 теңгеге қоқыс алаңшаларын жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Нәтижесінде құрылыс және жөндеу шеңберінде қоқыс контейнерлеріне арналған алаңдар реттеліп, жабдықталып, қоршаулары жаңартылды. Әрі тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды ретпен тастауына қолайлы жағдай жасалуда.
С.Базарбаев


