Мұндай сыйды Атырау ғана жасай алады!

Сарыарқа төсіндегі сары далада сән-салтанатымен бой түзеген Астана қаласы бүгінде еліміздің айбарына, мақтанышына айналды.

Міне, кешегі Ұлттық домбыра күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясынан туындаған ел тәуелсіздігінің  символы Елорданың жиырма жылдығына орай, Атырау облысы тамаша тарту жасады. Есіл өзенінің қос жағалауын бір-бірімен жалғап жатқан көпірдің ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты.

 

Алып көпірдің техникалық-пайдаланушылық сипаттамаларымен танысқан Қазақстан Президенті жаңа көпірдің Атырау облысының лайықты тартуы екендігін атап өтті. «Көпір Елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет етеді. Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқан барлық өңірлерімізге алғыс айтуы тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек»,-деді Мемлекет басшысы.

Жаңа нысанды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көпірдің саябақ аймағындағы жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайтынын баяндады. «Егер көпірге жоғарыдан қарайтын болсақ, оның пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көруге болады» деді әкім. Яғни, көпір құрылысы заманауи талаптарға толықтай жауап береді.

Көпірдің дизайны бойынша қазақстандық және кореялық сәулетшілер жұмыс істеді. Жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр болатын көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілер үшін үш метрлік жолақ, сондай-ақ, ені – 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар. Салмағы 1920 тонна болатын көпірден бір мезетте 3000 адам еркін өте алады.

Шара соңында ашық аспан астындағы амфитеатр сахнасында Н.Жантөрин Атырау облыстық филармониясының өнер ұжымы ұйымдастырған театрландырылған концерттік бағдарлама жұртшылық назарына ұсынылды.

Астана қаласының тұрғыны Әлия БЕКБАТЫРОВА:

– Еңбек демалысымда шет елдерде көп қыдырамын. Бірақ, мұндай керемет сәулеттік кешенді бұрын-соңды әлемнің еш жерінен кездестірмеген екенмін. Атырау сыйлаған сәулеттік композиция Астанада бұрын-соңды болмаған, баламасы жоқ көпір болып отыр. Көпірдің ашылу салтанатын отбасымызбен бірге тамашаладық. Жиналған адам өте көп болды. Сыртқы пішіні балықты елестететін көпірге енген уақытта алып киттің ішінде жүргендей әсерде боласыз. Сөз жоқ, Атырау сыйлаған бұл көпір талай жыл ел игілігіне қызмет ететін болады,-дейді риза көңілмен.

Сонымен қатар ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында «Астананы құттықтайды – Атырау» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Оның мақсаты – Астана қаласының 20 жылдығына орай Атырау өлкесінің 80 жылдық тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер арқылы облыстың тарихымен астаналықтарды таныстыру.

 

Жалпы көрмеде Алтын адам, Хан ордалы Сарайшықтан сырлы әлемінің құнды жәдігерлері,  облыс ақын, жазушыларының  шығармалары мен соңғы кезде жарық көрген баспа өнімдері, сондай-ақ Ұлттық домбыра күніне орай Құрманғазы мен Динаның жәдігерлерімен, өңірге танымал домбырашылардың домбыралары қойылыпты. Қылқалам шеберлерінің туындылары да көпшілік назарына ұсынылды. Ал өнер ұжымы әннен шашу шашып, тамаша көңіл-күй сыйлады. 

Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаты Ғ.Дүйсембаев, Мәдениет және спорт министрлігі музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Г.Фазылова, ақын С.Нұржанов ізгі тілектерін білдірді.

Көрмені тамашалауға келген республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ө.Озғанбаев: – Бұл ашылған көрмеде осы өлкенің рухани байлығы туралы, мол мағлұмат алдық. Атақты күйшілер, жазушылар, ақындар бәрі-бәрін біліп жатырмыз. Осы тұрғыдан келгенде көрме үлкен міндет атқарады. Жалпы Атырау экономикасы мен мәдениеті қатар дамыған алдыңғы қатарлы облыстардың бірі,-деп Атырау жұртшылығына ризашылығын білдірді. 

Жалпы күн санап жасарып, жайнаған Астана қаласының 20 жылдығы аясында өтіп жатқан шаралардың бәрі ерекше мазмұнға ие. Тәрбиелік мәні зор деуге болады. Ал көздің қарашығындай Елордамызды қорғау, құрметтеу әр қазақстандықтың қасиетті борышы.

 

 

Ж.АМАНТУРЛИН.

Суреттер автордікі.

Астана қаласы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT