Бес жыл қатарынан ел көлемінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді.
Тағылымды шараға биыл аудан бойынша 10 отбасы қатысып, нәтижесінде 4 отбасы облысқа жолдама алған болатын. Олардың ішінде жарсуаттық Сүндет Тасқаринның отбасы ғана облыстық байқауға қатысуға таңдап алынып отыр.
Жағымды жаңалықты естей сала, Сүндет ағаның шаңырағында болып, емен-жарқын әңгімелесіп келдік. Шаңырақтың шарбағынан аттай бергеннен-ақ үйдің үлкені мен кішісі қарсы алып, төрден орын берді. Осы тұс алыстағы ағайындары да келіп, қуаныштан мәре-сәре болып жатқан шақтары екен.
Айрандай ұйыған отбасының ұйтқысы Сүндет Тасқарин 1926 жылы қазіргі Атырау облысы, Индер ауданы, Елтай ауылында дүниеге келген. Әуелі Кулагинодағы мектепте орта білім алып, 1944 жылдың тамыз айынан 1950 жылдың желтоқсан айына дейін Кеңес армиясы қатарында болып, азаматтық борышын өтейді. Сосын 1945 жылдың сәуір айында 2-ші Беларусь майданында соғысқа қатысады. Кеңес армиясы қатарында батальон комсомол комитетінің хатшысы, 323 полк комсомол комитетінің бюро мүшесі, 1948 жылдан батальон партия ұйымы бюросының секретары міндеттерін атқарады. Елі үшін еңбек еткен аға 1952 жылы жары Шаидамен отау құрып, бүгінде 1 ұлы мен 4 қыздан тараған 15 немере-жиеннің, 20 шөбересі мен 9 жиеншарының қызығын көріп отырған бақытты ата. Сондай-ақ 35 жыл бойы депутат бола жүріп, «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағын да алған.
Тасқариндерден тараған ұрпақ ақ дастархан басында дидарласып, үлкендері естеліктерін, кішкентайлары өлең-жырларын ақтарды. Осындай шаттық үстінде біз шаңырақтың немере келіні Құралай Азановамен тілдескенімізде: –Менің осы шаңыраққа келін болып түскеніме 7 жылға таяды. Осы аз ғана уақыт ішінде үлкен атамның елге еңбегі сіңген жақсы адам екенін білдім. Сондықтан жүрек қалауыммен аталған байқауға қатысуды лайық деп көрдім,-деді ол.
Сүндет ата бүгінде Жарсуат ауылындағы қара шаңырақта өмір сүріп жатыр. Қазақта «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей жолдасы екеуі отырғызған 9 қара ағаш ол үшін өмірінің өткені мен бүгіні іспеттес. Бүгінде әке жолын жалғастырған ұлы Талғат Жарсуат ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ал қыздары Мамлакат, Долларес, Светлана, Анна бүгінде мұғалімдік қызметте жас ұрпаққа тәлім беріп жүр. Балаларының барлығы да, олардан тараған ұрпақ та жоғары білімді.
Жақында ғана Тасқариндар әулетінің ұйымдасуымен Сүндет Тасқариның өнегелі өмірінен сыр шертетін «Құмаршық гүлдеген күз» кітабы жарыққа шықты. Бұл кітапта жас ұрпаққа өнеге алар, атаның жүріп өткен жолдары мен өмірлік тәжірибесінен түйген ой-маржандары, отбасы мүшелері туралы толық баяндалған.
Дастархан басында ұрпақтары: «Осындай әулеттің ұйытқысы боп отырған ардагердің ұрпағы болу – біз үшін үлкен мақтаныш»,-дейді қуанып. Ал шаңырақтың бәйтерегі Сүндет аға ақ батасын беріп, бақыт тіледі.
Диас АЙБАРОВ.
Жарсуат ауылы.