Бүгінде Индербор кентінің ауқымы өскен сайын зираттардың бәрі кент ішінде қалып барады. Дүниеден озған адамдар зираттардың ішімен қатар қоршауының сыртына да жерленіп жатыр.
Бұл көрініске көзіміз де әбден үйреніп кеткен. Бірақ келешек ұрпақ, сырт көз бұған не дейді?
Сонымен қатар зираттарға бөлінген жерлердің заңдастырыл-мағандығы, оларды ретсіз пайдалану, антисанитариялық жағдайы да өте өзекті.
Бейіт үстінде доп ойнап...
Мәселен, кенттің қақ ортасындағы көне зират - Маймақ қорымы. Үлкендердің айтуынша, бұл зират әуелде кенттің ең шетінде болыпты. Бүгінде кенттің орталығында қалған ескі қорымның аймағын жеке кәсіпкерлер, тұрғындар ауласымен, автокөлігіне гаражымен бірте-бірте басып келеді, қоршауларын да майыстырып төте жолға айналдырып алғандар бар. Қоқысын осында төгетіндер де тыйылмай отыр. Балалардың бейіт үстінде доп ойнап та жүретіндері кездеседі. Шариғатта да, салт-дәстүрімізде де қабірді басу күнә саналса, біз осылайша қабірді таптап аруақтарға маза бермей жүрміз. Қазір осы қорымда ғана кісі жерленбейді. Басқасында бұл іс жалғасуда.
«Барлаушылар» бөлігіндегі бұрынғы зираттың бір жағы тұрғын үйлермен арада аяқжол ғана бөліп тұрса, келесі шеті ішкі істер бөлімі ғимаратына дейін тақап қалды. Махамбет көшесіндегі бұрынғы ПМК жанындағы үлкен зират та әуелде кенттің шетінде болған еді. Қазір жаңа мөлтек аудандардың өсуімен кенттің ортасында қалды. Мұндағы христиандар бейітімен арада көлік өтетін жол ғана бөліп тұр. Ол ол ма, мұндағы бар қоршауды бұзып жіберіп, сыртына да жерлеуді жалғастырып жатқандар бар.
-Бұл келеңсіздікті бала-шаға емес, қайтқан адамды қайда жерлеуін әулеттің үлкендері біліп тұрып істеп отырғандары қынжылтады. Ал христиандармен араны қиыршықтас төсеп, не қоршап арасын сақтамаса, қазіргі қарқынмен қатарластырып жерлей беретін түрі бар. Әрине, көпшілігі қайтқан жанды ата-бабасының, не жақындарының қасына жерлеуге ұмтылады. Бірақ жерлеу ісін бетімен жібермей белгілі бір тәртібі алыну керек,- дейді «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиев.
Сонымен қатар зираттың ішіне саңылаудай жер болса тығылыстырып та салып жатыр. Тіпті, қараусыз ескі зираттың үстінен де қабір қазылуы әбден мүмкін.
Кенттің оңтүстігінде де көне зиратқа жерлеу жалғасып, бүгінде «Көктем» мөлтек ауданының оңтүстігімен шекараласып қалды. Соңғы ашылған "Қаракей" қауымы да бұрын айдалада жатқандай көрінетін. Қазір бұл зираттар жан-жағынан өсіп, оған «Шығыс» пен «Болашақ» мөлтек аудандарының жаңа бой көтерген үйлері де таяп келеді. Қазірдің өзінде зираттың шеті электр бағаналарына таяп қалды.
Бала күнімізде үлкендер кешке таман бейіттің жанымен жүрме дейтін. Қазір кент ішінде жағалай зират, жүрмегенде қайтерсің...
Арақашықтық сақталмайды
Зираттардың кент ішінде қалуы ешқандай санитарлық-эпедемиологиялық заңдылықтарға сәйкес келмейтіндігі айдан анық. Құнтсыздықтың зардабын қазірден бастап көре бастаудамыз. Мысалы, зираттардың санитарлық зонасына бюджеттен салынатын нысанның құрылысын кіргізе алмай қиындықтар келтіріп отырғанын аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан Иманғазиев айтып өтті. Яғни заңдылығына сүйенсек, «Зираттарға және жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында ҚР ұлттық экономика министрінің (26.2.2015 жылғы № 138) бұйрығын қорытындылай алсақ, зираттар қоршауынан есептегенде бірінші тұрғын үйге, қоғамдық ғимараттарға кемінде 300 метрге дейін, ал халықты ауызсумен жабдықтау көзіне дейін – кемінде 1000 метрге дейінгі қашықтық сақталуы керек.
Қоршау жұмыстары жүреді
Кент ішінде қалған зираттарды көшіру мүмкін емес, әрине. Енді оның қоршау жұмыстары қалай жүрмек? Осы орайда сауалымызды Индербор кенті әкімі Роллан Тұрабаевқа қойғанымызда қоршау жұмыстары жоспарланып отырғандығын айтқан болатын. Бұйырса, Индербордағы аталған Махамбет көшесіндегі, Көктем мен Барлаушы және "Қаракей" зираттарын қоршау жұмыстарын атқаруға жобалық-сметалық жұмыстары басталып жатыр екен.
-Зерделеп отырмыз, зираттардың ішінде Махамбет көшесіндегі ең үлкен қауымды қымбатқа соқса да бетонмен қоршап, жабуды жоспарлап отырмыз. Басқалары темірмен қоршалатын болады. "Қаракей" қорымын да қоршап, арғы жағына қарай жер қалдырамыз. Ал зиратқа жаңадан жер таңдау болашақта қаралмақ. Сонымен қатар зираттардың жер актісінің құжаттарын қатар жүргізудеміз. Жалпы кенттегі барлық зираттарда тазалық айлықтарын күтпей-ақ үнемі тазалық жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Болашақта Маймақ бейітінің батыс жағына тал егіп, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз,-деді кент әкімі Р.Тұрабаев.
Сонымен қатар биыл аудан әкімшілігінде өткен кеңейтілген мәжілісте жергілікті атқарушы орган тарапынан зираттардың тиісті құжаттары жасақталынып, теңгерімге алу, кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға беру мәселелері талқыланған болатын. Тиісінше бұл жұмыстар кентпен қатар ауылдық округтерде де қатар жүруде. Ал алдағы уақытта қалалардағыдай сенімгерлік басқаруға беру, күтіп-ұстау және марқұмдардың кім, қайда жерленгені туралы ақпараттар да қамтылуы болашақтың ісі болмақ.
Жалпы аудан бойынша 45 зират тіркелсе, соның ауыл ішінде қалғаны-12, ауыл сыртындағысы-33, оның ішінде қоршалғаны-12 зират екен.
Зираттар Бәсекелестігі бой бермей тұр
Біз «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп, ата-бабамыздың мәңгілік мекеніне тағзым етіп, құрмет тұтамыз. Бірақ зиратты хан сарайындай зәулім күмбез тұрғызып, айшығы аспанмен таласқандай сәулетті етіп бәсекелестікке бой ұратындар бар. Бізде қарапайым 4 құлақты бейіттердің өзі адам бойынан асатын болды. Марқұмға қаншама қаржыға тұрғызылған мұндай кесене, аста-төк дастархан емес, дұға оқылуы керек» -дейді ауданның бас имамы Ералы Жұбанұлы.
Телеарналардан көріп жүрсіздер, дамыған мемлекеттерде, соның ішінде бізге бауырласы Түріктерге қарасаңыз да марқұмдарға біздердегідей қала тұрғызып жатқан жоқ. Мәңгілік мекенін шағын әрі бірдей етіп салған және айналасы жасыл желек.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының көпшілікке арнап шығарылған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында мұндай зәулім кесенелер тұрғызу және бейітке суретін салу мәкрух, яғни жағымсыз іс екендігіне баса назар аударады.
Елімізде орын алып отырған осындай бәсекелестіктен кейін кейбір өңірлерінде зәулім кесене тұрғызуды тыйып, бәрін бірыңғай тәртіппен тұрғызып жатқандары бар екен. Осы орайда елімізде алдағы уақытта қабір салу тәртіптерін нақтылайтын заң жобасы да дайындалып жатқандығы да айтылуда.
Өкінішке орай, тазалық мәселесі зираттарымыздан да айналып өтпейді. Сорақысы сол, тасы қойылған зираттардың жанында артылып қалған құрылыс заттары баршылық. Көпшілік арасында «кері алып кетуге» болмайды деген түсінікпен сол жерге тастап кетуді жаман әдетке айналдырған. Соның салдарынан қорымдар қоқыс алаңына айналуда.
-Бұл қате ұғым, артық қалған құрылыс материалдарын кері алып кеткенде тұрған не бар. Қайта дүние салған жақындарымызды құрметтесек, зираттарды көп болып таза ұстаған абзал,-дейді ауданның бас имамы Ералы Жұбанұлы.
Сонымен қатар бас имам көпшіліктің сұранысы бойынша "Қаракей" зиратына барар жолды да дұрыстау қажеттігін көтереді. Әсіресе, ауа райының қолайсыз кездерінде қиындық туғызуда. Аудандағы қоғамдық кеңестің төрағасы Асқар Үмітқалиев зираттарды әр жерге салу белең алып тұрғанын, сондықтан да бір ізге, белгілі бір тәртіпке түсіру жайын құптайды.
Ендігі бағыт – «Алғабас-Жорық»
Елді мекеніміздің болашағын ойласақ, «өмір бар жерде, өлім бар» дегендей, зиратқа жаңадан жер керек. Биыл өткен әкімдік мәжілісінде де аудан әкімі Серік Арыстан мұндай келелі мәселені қоғамдық кеңес, мәслихатта қадағалау қажет екендігін айтып, алдағы уақытта зиратты «Алғабас-Жорық» каналы бойына орналастыруды, бұл бағытта түсінік жұмыстарын жүргізуді жүктеген болатын.
...Мысыр астанасы Қайыр қаласында «өлі қала» аталатын ауданы бар екен. Онда көне қорымдарды кәдімгі үй қылып тұрып жатқан миллиондаған адам бар. Мазарын баспана қылып, құлпытастарына кір жайып қойып қажетіне жаратса, бірқатарының үстінде балалар да ойнап жүр.
Кент ішінде қалып бара жатқан қорымдарды осындай келеңсіз дәрежеге жеткізбей, құрметпен қарайық, ағайын!
Саламат БАЗАРБАЕВ.
Суреттерді түсірген автор.