Ағымдағы жылдың 16 қаңтар күні сағат 20.00 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының №2 полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторларымен «Жайсыз отбасы» есебінде тұрған отбасыларды тексеру кезінде, Вокзал маңы мөлтек ауданында орналасқан үйлердің бірінде тұратын 37 жастағы азаматшаның балаларының көзінше алкогольдік ішімдік ішіп, кәмелетке толмаған балаларының тәрбиесімен айналыспағандығы анықталды.
Аталған азаматша Полиция басқармасының «Жайсыз отбасы» есебінде 2012 жылдан бері тұрады. Бұл отбасында 12 және 16 жастағы кәмелет жасқа толмаған балалары тәрбиеленуде. Осы уақытқа дейін 37 жастағы әйел дәл осындай әкімшілік құқықбұзушылықты бірнеше рет жасап, түзелу жолына түспеген. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабының 2 бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжат шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сондай-ақ, ювеналды полиция тобының инспекторларымен Атырау облысы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына аталған азаматшаны ата-ана құқығынан шектеу үшін іс-құжаттар жинақталуда. Айта кетейік, күніне 102 операторына 20-ға жуық жанұялы жанжал туралы хабарламалар түседі. Аталған хабарламаларды тексеру кезінде, бала тәрбиесімен айналыспайтын отбасылар анықталған жағдайда, полиция қызметкерлерімен есепке алынып, бақылауға қойылады.
Қазіргі уақытта, Атырау қаласы Полиция басқармасының «Жайсыз отбасы» есебінде 90 отбасы және олардың 190 кәмелетке толмаған балалары бар. Олар үнемі Атырау қаласы Полиция басқармасының қызметкерлерінің бақылауында.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда.
Атырау қаласы Полиция басқармасы