Бесік қадірін білесіз бе?

Қазақ халық болып жаралғалы оның салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қанымен бірге біте қайнасып келгендіктен, бұл құндылықтар біз үшін қасиетті де қадірлі екені даусыз. Сонау ықылым замандарда қазақ халқы бесікті ежелден қастерлеген. «Ел іші – алтын бесік» деген мақал соның дәлелі.

Жаңа туған баланы да бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі.Тарихқа тоқталар болсақ, Қобыланды батыр жырында «Алтыннан бесік қойдырып, ақ торғынға бөлеген» тіркестерімен қатар, «Еңлік-Кебек» жырында бесік құда болғандығы жыр мәтінінде айтылады. Бұдан өзге де бесіктің түп-тамыры тереңде екенін дәлелдейтін аңыз-әфсаналар жетерлік.

Көпті көрген бұрынғының кісілер, дүниеге жаңадан келген сәбиді үйіне келген соң, көп ұзаққа апармай, бесікке бөлей бастаған. Бұл баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Жалпы түбектің түбіне күл са лып, жиі-жиі ауыстырып отырса, шүмекті қойдың асайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып та алады.

Ал қазір керісінше әлеуметтік желіден «баланы бесікке бөлеуге болмайды, денсаулыққа зияны тиеді» деген кейбір ақпаратты көріп, нәрестелерін бесікке бөлейтіндер тым азайып баратын сыңайлы.Міне, осыдан-ақ өзіміздің ертедегі ата-бабаларымыздан асыл мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан қасиетті бесігімізді менсінбеген күйге де жеткенімізді көрсетеді.

Ұлы қаламгер М.Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтқандай, қай ғасырда, қай қоғамда болмасын ата-ана міндеті –саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Ендеше ұлт үшін салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Д.ҚАБИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521