Әлі де сақтық керек – екі адам көз жұмды

Атырауда коронавирус инфекциясынан екі адамның қайтыс болуына байланысты Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының м.а. Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ пен Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Нұрлыбек ҚАБДЫҚАПАРОВ брифинг өткізді.

-Өкінішке орай, Атырау облысында коронавирус жұқтырған екі адам көз жұмды, - деді Н.Қабдықапаров. - Қайтыс болған науқастардың бірі - 1964 жылғы Теңіз кен орнының қызметкері 27 мамырда ТШО емханасына жолыққан. Оған рентген жасалып, «екі жақты пневмония» диагнозымен облыстық ауруханаға жеткізілді. 30 мамырдағы анализ бойынша COVID-19 расталып, оны жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосты. Ол толықтай мамандардың бақылауында болды. Алайда, 2 маусымға қараған түнде жан тапсырды.

Қайтыс болған екінші науқас - 1951 жылы туған зейнеткер. Бір апта ауырып, үйде жатқан, жедел жәрдем шақырмаған. Әуелі үш күн бойы іші өткен, кейін жөтел пайда болған, ыстығы көтерілген, сосын ентігіп, әлсіреген. 20 мамырда жағдайы нашарлап кетіп, Жылыой аудандық ауруханасына жеткізілді. Кеуде клеткасының КТ зерттеуі жасалып, өкпесі 50 пайызға зақымдалғаны анықталды. 21 мамырда коронавируспен жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізіліп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Ол да сол 2 маусымға қараған түнде көз жұмды. Екі жағдайға қатысты комиссия құрылып, нәтижесі денсаулық сақтау министрлігіне жіберілді. А.Жұмағалиевтің айтуынша, жалпы облыстағы жағдай біртіндеп қалыпқа түсіп келеді. Науқастың көбі Теңіз кенішінде тіркелуде. Одан бөлек Құлсары, Мақат және Майкөмгенде анықталып, ол елдімекендерде қазір карантин жарияланды.

-Атырау қаласы мен басқа аудандарда карантин талаптарын жеңілдетудің 6 кезеңі жүзеге асырылуда. Бұл облыста науқастардың тіркелуі 7 пайыздан аспауына байланысты. Бірақ, қауіп әлі де бар. Қазір базар, ірі сауда орындары ашылып, балалар мекемесі, мемлекеттік орган, кеңсе қызметтері жанданды. Барлығы да санитариялық талаптарды сақтау керек, - деп атап өтті Жұмағалиев.

Н.Қабдықапаров журналистердің сұрағына жауап бере отырып, қазір бір науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, 643 адам ем алып, 532 емделуші сауығып шыққанын айтты. Жерлеу рәсіміне қатысты айтар болсақ, ол үшін арнайы орын белгіленіп, бөлінді. Қайтыс болған адамды жерлеуге санаулы ағайындары қатысуға болады. Қатысқандардың барлығы да 14 күн карантинге жатқызылады. Рәсімге СЭС және обаға қарсы күрес станса мамандарының қатысуы міндетті.

-Бұл жағдай вирустың әлі де қауіпті екенін білдіреді. Қазір адамдар еркінсіп, көбі ешқандай вирус жоқ деп есептейді. Айта кету керек, облыста індет жұқтырған науқастың 80-85 пайызында бұл ауру жеңіл және симптомсыз түрінде болды, - дейді Жұмағалиев. - Егер жағдай ушығып, өсім 7 пайыздан артып кетсе, қайтадан карантин режимі енгізіледі. Сондықтан, сабыр етіп, ара қашықтықты сақтап, маска мен қолғап киіп жүру керек. Сонымен қатар ол соңғы 10 күн ішінде жүздеген орын санитариялық талаптарды сақтамағанын айтып кетті. Бірінші рет ескерту беріледі, екіншісінде – айыппұл салынады немесе жұмысын тоқтатады. Ал үшіншісінде - қылмыстық жауапкершілікке тартытады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

ӨКҚ жолдаған сурет

azh.kz

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика