Жыл сайын 25 мамырда жүздері бал-бұл жанып, қолдарына гүл ұстап, мектепке асыққан оқушыларға толып кетуші еді.
Соңғы қоңыраудан кейін мектеп бітірген түлектер иығына асқан ленталарын шешпестен көшеде алшаң басып жүрсе, үздік оқыған оқушылар алған грамоталарын ата-анасына жеткізуге асығатын.
Иә, өкінішке орай әлемді әлекке салған коронавирус пандемиясына байланысты биыл да соңғы қоңырау ерекше жағдайда өтпек. Бұл ел тарихында, білім саласында бұрын-соңды болмаған жағдай.
Сонымен 25 мамыр күні барлық мектептерде оқу жылы аяқталғанымен, 9 және 11 сыныпты бітіруші түлектерге арналатын салтанатты шара ашық ауада, санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізіледі. Ал қалған сыныптарда өткен жылдағыдай – онлайн форматта ұйымдастырылады.
Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлайым Жаңбырбаеваның айтуынша, 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша 9 сыныптарды 502 оқушы аяқтаса, 324 түлек үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Олардың 22-сі «Алтын белгіге», ал 10-ы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Дегенмен карантин мектеп бітіруші түлектердің асыл арманына, алдағы жоспарына, жарқын болашағына ешқандай кері әсер етпеуі тиіс. Олардың оқуға, ғылым-білімге деген таудай талаптарына ешқандай да қиындық қарсы тұра алмайтыны анық.
Ендеше, арман қуған түлектеріміздің алар асуы биік болсын.
Д.ҚАБИ