Жер дауы ушығып тұр

Соңғы кезде жер дауы оқтын-оқтын көтеріліп басылғанымен бұл өңірде аухатты адамдардың жерге таласы ушығып бара жатқаны байқалады. Есепті жиында ескеруге тиісті өзге де мәселелер күн тәртібіне көтерілді.

Жиынды ашқан округ әкімі Е.Дүйшім есепті баяндамасында өздеріне қарасты қыстақтарды қоса алғанда 3485 халық тұратын ауылда 2 жалпы білім беретін орта мектеп, 1 балабақша, 2 мәдениет үйі, 2 кітапхана,1 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункт, 1 пошта бөлімшесі, 2 телефон стансасы халыққа қызмет көрсететіндігін жеткізді. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік те жақсы дамып, округ аумағында 18 дүкен, 2 тойхана, 20 жолаушы тасымалы, 1 тегершік жөндеу шеберханасы, 1 наубайхана жұмыс жасап келеді екен.

Тұрғындардың басым көпшілігі жеке қосалқы шаруашылығында мал өсіріп, егін салумен айналысатын ауыл мемлекеттің тарапынан жасалып отырған жеңілдіктерді де пайдаланып отырғанын атады. Қой-ешкі секілді уақ жандықтар болмаса, басқа мал басының артқанын айта келе, бір өкініштісі, өткен жылда округ аумағында 147 бас қойдан бруцеллез ауруы анықталып, жойылғанын да тіліне тиек етті.

Өз кезегінде ауылдағы байырғы мал дәрігері Ғ.Шәнкиев адамзатты емдейтін ветеринарлардың жағдайын айтып, еңбекақысын 150-200 мыңға дейін көтеру қажеттігін, әйтпесе, ертең-ақ ауыл мал дәрігерсіз қалуы әбден мүмкіндігін, жастар қызығушылығы артатындай ету керектігін жеткізді. Еңбек ардагері, меди - атор қызметін атқаратын Т.Темірболатов:

- Қазіргі кезде ірі қожалықтар арасында жер дауы ушығып тұр. Кеше маған телефон соқты шешіп беріңіз деп. Мұны қалай шешеміз? Малмен күн көріп отырған тұрғындарға жайылымдық жердің жоқтығы бір басқа, сыйыса алмайтын іштарлық та бар, - десе, ардагерлер кеңесі төрағасы Н.Сағынов 3-4 жылдан бері жол салу тоқтап қалғанын, әрі жарық жиі сөнетінін, 60-ыншы жылдардан бері электр бағаналары жаңартылмағанын жеткізді.

Қорытынды сөз алған аудан әкімі М.Қалауи ауданда жасалып жатқан жұмыстарға шолу жасап, ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Ветеринарлық қиын мамандық екендігін атап, биыл жалақы 25%- ға артып отырғандығын, қосымша ақылы жұмыстар ұйымдастыруға болатындығын, осы салаға келген жас мамандарға үй мен қаржылай жәрдемақылар беруге мүмкіндік барын жеткізді.

Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп, гранттар бөлініп, облыс бойынша 30 жас маман келісімшартпен оқып жатқанын айтты. Жер дауы татуласуға келмеген жағдайда заң тұрғысынан шешілетінін ескертті. Ал жол мен электр бағаналарын жөндеу жоспар бойынша жасалмақ. Жиын соңында аудан әкімі және мекеме басшылары жеке қабылдау өткізді.

А.БОКИРОВА

Индер ауданы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT