Индер аудандық жастар ресурстық орталығы мен Jas Otan Жастар қанатының және ауданның белсенді ерікті жастары "Ардагерлерді ардақтайық" жобасы аясында кентіміздегі жалғызбасты ардагерлерге қол ұшын созып, көмек көрсетуге бағытталған #ЖақсылықЖаса челленджін Индер Иман жастарынан қабыл алып, игі істі жалғастырды.
«Жастықтың бойынан парықсыз паңды емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы» деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, Индер ауданында құрылған еріктілер тобы да біршама маңызды шараларды өткізіп келеді. Соның бірі, кент басындағы «Иман жастары» еріктілер тобы алдыңғы аптада Индербор кентіндегі «Жасыл аймақ» қызметкерлеріне ыстық шай мен тәтті бәліштер таратып, жұмыстарына көмек көрсеткен болатын. Сондай-ақ, «Иман жастары» еріктілер тобы аталған игі істі аудандық жастар ресурстық орталығына жолдаған еді.
Өз кезегінде аталған челлендж аясында еріктілер тыл ардагері Рәния Мұхамеджанова әжеміздің үйіне барып, ғұмырнамасымен танысып, сырлы әңгімесін тыңдап, ақ батасын алды. Ал өз кезегінде белсенді жас Дәулетжан Байбақты домбырамен ән шырқап, әжемізге керемет көңіл-күй сыйлады.
Кент басындағы еріктілердің басын қосып, челледжді жалғастырған орталық директоры Аслан Арғынұлын сөзге тартқанымызда:
«Алдағы уақытта да еріктілермен түрлі бағытта бірлесе отырып, жұмыс жасау ниетіміз бар. Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Ойда жүрген әлі де атқарылмаған мәселелерді қарастырып, тығыз байланыста болып, жұмыс жасай бермекпіз! Біз секілді жастарға қолдау көрсетіп, әрдайым білгенімізді асырып, білмегенімізді үйретіп жүретін ардагерлеріміз көп болсын дегім келеді және біз бұл игі істі жалғастыруды Индербор кенті әкімдігіне жолдаймыз,-дейді.
Ендеше, ұлт пен ұлысты, дін мен ділді талғап-таңдамайтын әрдайым, жақсылықтың куәсі болып жүре берейік!
Жадыра Нариманқызы
Штаттан тыс тілші