Соғыстың соңғы солдаттары

1921 жылы 16 қазанда бұрынғы Есбол ауданы  Өрлік ауылдық Кеңесі аумағында дүние есігін ашқан майдангер 50 жылдық еңбек  өтілінің басым бөлегі ұрпақ тәрбиесіне арнаған.

Орта білімді қазіргі Есбол ауылындағы Жамбыл орта мектебінен алған ұстаз еңбек жолын  Өрлік орта мектебінде мұғалімдіктен бастайды. Бірақ сол жылдың қарашасында Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1945 жылдың қыркүйегіне дейін азаматтық борышын  Монғолия Республикасында, Чита, Иркутск облыстарындағы әскери бөлімшелерде атқарған. Кейін соғыс басталғанда Ленинград, Волхов майдандарында ерлікпен шайқасқан.

Сретень әскери училищесін бітірген соң 293-інші, 1240 - атқыштар полкінде, Киев облысының Белая Церковь қаласындағы әскери бөлімшеде  взвод командирі лауазымын атқарған. Лейтенант шенінде елге  Жеңіспен оралған соң да Өрлік, Аққала, Көктоғай ауылдарындағы мектептерде, Есболдағы өзі оқыған Жамбыл атындағы орта мектепте оқушыларға дәріс береді.

Ол Оралдағы А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын 1960 жылы сырттай оқып бітірген. Есбол аупарткомында насихатшы, нұсқаушы, «Степан Разин» атындағы колхозда партком хатшысы міндеттерін атқарады. 1958-1959 жылдары аудандық «Коммунизм туы» газетінде ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды.

Майдангер I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Айбынды еңбегі үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медальдарымен, бұдан басқа, 8 мерекелік медальмен, СССР Білім министрінің Құрмет грамотасымен (2 мәрте), ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, Гурьев обкомының Құрмет грамотасымен марапатталған. Жергілікті Кеңестерге депутат болып сайланған.

Көктоғай округінде тұратын 93 жастағы соғыс және еңбек ардагері Жұмабай Жұмашев та бүгінде Ұлы Жеңістің 73 жылдығы мерекесін өз отбасы мен ұрпақтары, барша ауылдастары ортасында үлкен қуанышпен қарсы алып отыр.

1925 жылы 26 наурызда Есбол ауданы Құрылыс ауылында дүниеге келген азамат жалпы 43 жыл еңбек өтілін жинақтап, 1985 жылдың 8 тамызынан зейнеткерлікке шыққан еді.

Сұрапыл соғыс ортасына 1943 жылдың қаңтарында 18 жасында аттанып 1-Украйна майданының 65 атқыштар полкінің құрамында жаумен шайқасып, ұмытылмас ерліктер көрсетті.

1945 жылдың сәуірінде елге оралып Құрылыс, Көктоғай ауылдарында дүкен меңгерушісі, ал 1965 жылдан  кейінгі 20 жылда Зеленый рабкообында сатушы болды.

II дәрежелі Отан соғысының орденімен, бірнеше мерекелік медальмен марапатталған майдангер отбасында  6 ұл-қыз тәрбиелеп, құтты орындарына қондырған бақытты шаңырақтың бәйтерегі.

Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесі құтты болсын, қадірлі майдангерлер, асыл ағалар!

С.ХАЛЫҚОВ.

Есбол-Көктоғай.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT