«САХНА ШЫНАЙЫ БОЛУДЫ ҮЙРЕТТІ»

Дендер топырағында небір өнер майталмандары, сөз сүлейлері, суретшілер мен ақындар  дүниеге келген. Аудандық орталық кітапханада сол дарындылардың – ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық М.Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының актрисасы Мұхтарова Айнагүл Насиполлақызымен «Өнерім – өмірім» атты шығармашылық кездесу кеші өтті. 


Кездесу кешіне ұйымдастырушылар жоғары деңгейде дайындалып, қабырғаға комедия мен трагедия маскаларының силуэттерін, актриса сомдаған спектакльдердің афишаларын іліп, театр туралы кітаптар мен пьесалар, актрисаның өмірі мен шығармашылығына арналған бұрыш жасақтаған. 
Кеш қонағы салтанатты түрде қызыл кілемнен көрермендердің зор қошеметімен жүріп өтіп, ортаға келген соң, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Нұрайым Ақылбек  бала күнгі арманын шағын көрініс арқылы сомдады.
Алдымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева кездесуге келген қонақтармен таныстырып, актриса шығармашылық жетістік тіледі.
– Дендер жерінде дүниеге келген талай тұлғалар түрлі сахналардың төрінде өнер көрсетіп жүр. Соның  бірі төл перзентіміз Айнагүл Нәсиполлақызы бүгінде Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрда актриса болып, ортамызға келіп отыр. Қош келдіңіз! Осы театрдың актерлер құрамында ауданнан өсіп-өнген ұл-қыздар өте көп. Бүгін өзіңіздің шығармашылығыңыыздың есебін берейін деп өзіңіз басты рөлді сомдаған спектакльді алып келіп, туған жерге келгеніңізге рахмет! Сізді әлі де үлкен басты рөлден күтеміз. Бүгінгі күніміздің басты мақсаты – өңірден шыққан тұлғаларымызды халыққа таныту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету, - деді бөлім басшысы. 
Одан соң кеш иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. 
Мұхтарова Айнагүл Нәсиполлақызы – 1973 жылы Индер ауданы Құрылыс ауылында қарапайым отбасында төрт баланың тұңғышы болып дүниеге келген. Алғашқы сәбиін қолына алған әкесі Нәсиполла Мұхтаров киномеханик болып, малшы ауылдарға жылжымалы кино көрсетсе, анасы Күләш Жұмағұлова шәкірттерге білім берген аяулы ұстаз, кітапханашы, мектеп-интернаттың меңгеруші болып қызмет атқарған. Ол бала кезінен мектепте өтетін барлық шараға белсенділікпен қатысқан. Жарсуат ауылындағы Махамбет атындағы орта мектепті 10 жылдық біліммен аяқтап, 1995 жылы Атырау мәдени-ағарту училищесін, кейін 2011 жылы Бибісара Бейшеналиева атындағы өнер университетінің театр және кино бөлімін тәмамдайды. Еңбек жолын 1993 жылы  Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында театр актрисасы, 2007-2009 жылдары аталған театрдың басшы орынбасары, одан кейінгі жылдары театр актрисасы және кәсіподақ төрайымы болып қызмет атқарған. 
Ол Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» пьесасындағы Гүлбаршынның,  Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор» пьесасында Камиланың, Есенжол Домбаевтың «Ей, қыздар-ай» пьесасында  Айния, Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» пьесасында Теңгенің, Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт» пьесасында Найман ананың, Әбіш Кекілбаевтың «Махамбет мұнарасында» бәйбішенің және тағы басқа көптеген кейіпкерлердің рөлін сомдаған. 
Қазіргі таңда ұлы Нұрпейіс те анасының жолын қуып, кіші өнер академиясында баян бөлімінде жетінші сыныпта оқиды. Бірнеше рет облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындарды жеңіп алған. 
Кітапханашы Қарлығаш Құсайынова шараны жүргізіп отырып, өз кезегінде актрисаға «Театрға келуіңізге не себеп болды?, Өнер жолында сізге ең үлкен ықпал еткен ұстазыңыз немесе тұлғаңыз кім?, Алғашқы рөліңіз есіңізде ме?, Ол қандай әсер қалдырды?, Қай рөліңіз сіздің жаныңызға ең жақын?, Актрисалық шеберлікті қалай дамытасыз? Әр спектакльде көрерменнің энергиясын сезесіз бе? Қандай реакция сіз үшін ең бағалы?, Жаңа рөлге дайындалу, кейіпкеріңіздің ішкі әлемін ашу үшін қандай тәсіл қолданасыз?, Театрда әйел актрисаларға тән қандай қиындықтар мен қуаныштар бар?, Қиын немесе күрделі рөлдермен қалай жұмыс істейсіз?, Театр сізге не үйретті? Сіз үшін сахнадағы ең әсерлі сәт?» секілді сұрақтарын қойды. 
– Әкем өнер жолында болғасын, мені өнерге алып келді. музыкалық институттың баян бөліміне әкелді. Алайда екі жыл оқып,  баянды меңгере алмай тастап кеттім. Жүрегім қаламады. Содан ауылға келіп жүргенімде Елтай ауылының мәдениет үйіне жұмысқа қабылдады. Сол жерде жүріп әдіскер болдым, ән айттым,  түрлі шаралар ұйымдастырдым. Күнсұлу Масаева апаларыммен бірге алты айдай жұмыс жасадым. Бір күні мәдениет басшысы Бақытжан Мусағалиев ағай шақырып, Атыраудан колледж ашылайын деп жатыр. Актерлік бөлімге түссең, актриса боласың деді. Ол кезде актриса мамандығы қатты ұнайтын. 
Театрға барып, конкурстан өтіп, қабылдандым. Қазір сол қара шаңырақ театрда жұмыс жасағаныма 35 жылдан асып кетіпті. Сол кездегі Алма Ахметова, Жұпар апалармен сахналас болып, тәлім-тәрбие алғаныма бақыттымын. 
Ең алғаш Мұқадес Есламғалиевтың «Жазықсыз тамған жас» шығармасындағы жас қыздың рөлін сомдадым. Ауыр сахна болатын. 
Актриса әркез образдарды іздеп, зерттеп қарайды. Әр адамның өз таңдап алған мамандығы болғандықтан сол жұмысыңа жауапкершілікпен қарайсың. Біз өзімізге дейінгі әртістерді көрдік. Темірдей тәртіпке үйрендік. Спектакль басталып, аяқталғанша сол образбен өмір сүресің. Сахна шынайы болуды үйретті. Көрерменнің көзі қырағы. Барлығы сезіледі, - деп жауап беріп, шындықты сахна арқылы көрерменге жеткізу жауапкершілік пен еңбекті талап ететіндігін атап өтті.
Кездесуге қатысқан Айнагүл Нәсиполлақызының ұстазы Ғалия Мұқанғазина оқушы Айнагүл қандай болғанын, Құрылыс ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Нәсіп Ахмедиярова бала кездегі қызықтарын еске алса, Аққала мәдениет үйінің қызметкері  Камалиден Изимов арнайы жүрекжарды өлеңін оқып берді. 
Сонымен қатар театрдың көркемдік жетекшісі, Құрмет орденінің иегері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Темірбек Мәжитов пен театр актеры Ержан Жұматов әріптестеріне сәттілік тілесе, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақжібек Керімбайқызы шығармашылық кешімен құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті. 
Бұдан бөлек, Есенжол Домбаев атындағы халық театрының режиссері Шаида Оразғалиева мен театр әртістері Айдос Тәженов, Рабиға Бадел, Бірлес Бакетов кеш қонағына бірқатар сұрақтарын қойып, жауабын алды. 
Әсерлі кездесу соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің басшысы Дина Аренова шығармашылық пен адам жанының әсем әлеміне саяхат жасап, сырлы әңгімеге толы болған шара қонағы мен қатысушыларға ризашылығын білдіріп, кеш иесі Айнагүл Мұхтароваға естелік сый мен гүл шоқтарын тарту етсе, жас актриса Нұрайым Ақылбекке алғыс хат табыстады.
Өнер иесінің шынайылығына, кәсібіне деген үлкен махаббаты көрінген, театр әлеміне жетелеген кездесу аясында аудандық кітапхананың әдіскері Гүлназ Тұрланқызын «Өнермен гүлденемін», Индер мәдениет үйінің әншісі Мұратбек Жұмашев «Театр» деп ән салып, көрермен қошеметіне бөленді. 

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ
суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT