БӘЙГЕ АТТАРЫН БАПТАҒАН... ҚАЗАҚТА «ЕР ҚАНАТЫ – АТ» ДЕГЕН НАҚЫЛ БАР. ЕЖЕЛДЕН АТ ЖАЛЫНДА ӨСІП, ЖЫЛҚЫНЫҢ БАБЫ МЕН КҮТІМІН БЕС САУСАҚТАЙ БІЛГЕН ХАЛҚЫМЫЗ АТБЕГІЛІК ӨНЕРГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТҚАН. ТІПТІ «АТҚА МІНДІ», «АТ ЖАЛЫН ТАРТЫП МІНГЕН КЕЗІ» ДЕП, ҚАДІР ТҰТҚАН. ТАРИХҚА КӨЗ ЖҮГІРТСЕК, АҚАНСЕРІНІҢ ҚҰЛАГЕРІ, ИСАТАЙ БАТЫРДЫҢ АҚТАБАНЫ СЕКІЛДІ, БІЗДІҢ ӨҢІРДЕ ЕСБОЛДЫҢ ЖИРЕНІ БАР. СОЛ ЖИРЕНГЕ ШАПҚАН ШАБАНДОЗ, СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ ҚАБДІР ШҮЙІНІШҚАЛИЕВТІҢ ҰЛЫ БОЛАТ АҒА БОЛСА, ЕСБОЛ АУЫЛЫНДАҒЫ «ПРАВДА» КОЛХОЗЫНЫҢ СОЛ КЕЗДЕ АТЫРАУ ЕЛІНЕ АТАҒЫ ЖАЙЫЛҒАН ЖҮЙРІК ЖИРЕН АТЫ ТУРАЛЫ АХМЕТ БЕРДЕШОВ «АЙТТЫМ СӘЛЕМ ЕЛІМЕ» ДЕП БАСТАЛАТЫН 63 ЖОЛДАН ТҰРАТЫН ӨЛЕҢІНДЕ: «ЖИРЕН ДЕ, ЖИРЕН МЕН ЕДІМ, ҰШҚАН ҚҰСПЕН ТЕҢ ЕДІМ. ҚАРА ЖЕРГЕ ҚАЛҚИТЫН, ҚАЙЫРЛАМАС КЕМЕ ЕДІМ. ТӨРТ АЯҒЫМ САУ БОЛСА, ӨЗІМЕ-ӨЗІМ СЕНЕМІН.БӘЙГЕГЕ БАСТАП ТҮСКЕЛІ, ТӨРТ АЯҚТЫ ТӨРЕДЕН ОЗУМЕНЕН КЕЛЕМІН» - ДЕП ЖИРЕН БОЛЫП ТІЛ ҚАТАДЫ. БӘЙГЕДЕ АЛДЫНА АТ САЛМАҒАН ЖҮЙРІК АТ ТУРАЛЫ ЕЛ АУЗЫНДА ӘЛІ АҢЫЗ ӘҢГІМЕ АЙТЫЛЫП КЕЛЕДІ.
Жүрегінің дүрсілі қырдағы тұлпар тұяғының дүрсілімен үндесіп жататын ат бәйгесі десе алдындағы ішер асын ұмытқан қазағымыздың қанында атбегілік өнер ертеден бастау алған. Есболдық Абылай Смағұловтың Қамбар атаның төліне қызығушылығы бала кезінен баста лыпты. Алты жасынан жылқыға құмар бо лып өскен ол талай ат бәйгесінің ортасында жүріп өседі. «Әке көрген оқ жонар» демекші, атбегілік өнер оған қанмен берілген қасиет десек те болады. – Жалпы мал шаруашылығы – қазақтың атакәсібі. Менің де атам Тілепберген атакәсіптен қол үзбей, совхозда жылқы баққан. Өз уақытында үздік жылқышы да атанған.
Белгілі мерекелерде өтетін бәйгеге жүйрік жаратқан. «Қоңыркөк» деген аты бәйгенің алды болып жүрген. Кейін әкем Есенжол да сол атамның құрығын ұстап, кәсібін жалғастырды. Әкемде ат дайындады. Жеңіс күніне орай өткізілетін бәйгелерге, сабан тойларға ат қосатын. "Қарақасқа", "Талисман", "Торы" деген тұлпарлары болғаны есімде. Қателеспесем, екі мыңыншы жылдардың шамасы болуы керек. Малайсары бидің тойында үлкен бәйге өтіп, сол дүбірлі додада "Торы" аты жүлдеге ілігіп, ауылдың абыройын асырған еді. Мен де бұл атакәсіптен қол үзбедім. Атамның тұңғыш немересі болғаннан кейін жанына жақын тартты. Жоғары оқу орнын оқымаса да, сауатты кісі болатын. Батырлар жырымен қоса өзі білетін жылқы жануарының қасиетін құлағыма құйып өсірді. 5-6 жасымда атқа мініп үйрендім. 1-2 сыныптан бастап жылқы бағып жүрдім. Үйде ат көп болатын. Сол аттардың әрқайсысына міну мен үшін қызық. Сөйтіп жүріп шабандоздық мансабым басталды. Көлік ұтып, көрерменнің көзайымына айналмасам да, бірнеше бәйгеде жүлдеге ілігіп, тақымы құтты шабандозға айналдым. Кейін мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түстім. Қалада қызмет жасадым. Уақытша аттан қол үздім. Алайда айналып ауылға келдім. Қанға сіңген қасиет жатқызбады. Қиын да қызықты атбегілік өнердің қыр-сырын меңгеруге қайта кірістім, - деп бастады әңгімесін ол.
Расымен де, ұлы атырап даламызда жылқыны жеті қазынаға қосып, оның сырын терең түсініп, «Төрт түліктің төресі» деп ардақтап, сенімді серігіне балаған. Осы ретте ат бап тап, оны бәйгеде оздырған атбегілердің еңбегі ерекше құрметке лайық. Ат құлағында ойнаудың өзі үлкен шеберлікті талап етеді. Кейіпкеріміз де ата-бабасынан бері жылқыны қадірлеп қасиетін түсінген адамдар арасынан шыққан. Ол баптап жүрген асыл тұлпарлардың барлығы Қазақстанда туылған қолтумалар.– 7-сынып оқып жүрген кезім. Ол уақытта біздің аймақта қазіргідей қанды жылқылар жоқ. Тек қана қазақы тұқымды жылқылар. Көктемнің жайма шуақ шағы. Бір күні әкем шабдарқасқа ат сатып әкелді. Қорада тұрған аттың арғы жағына бір, бергі жағына бір шығып қатты қызықтым. Сосын әкеме: «Мына атты бәйгеге қосайықшы» – дедім. Ол кісі қарсы болған жоқ. Ат баптау туралы білетінім аз болғанмен, бәйге ұтамын деген ниетім үлкен. Уақыт көп болмаса да, әкемнің айтуымен Жеңіс күніне орай өтетін бәйгеге дайындадым. Өзім баптап қосқан атыма өзім шабандоз болып, мәреден екінші өттім. Ең алғашқы бәйге ұту сезімін сөзбен жеткізу қиын. Оны тек сезіну керек, – деген ол алғаш бәйгеге сәйгүлік қосып, бапкер ретіндегі қуанышын еске алды.
Абылай Есенжолұлы бәйгеге атты ғана бап тамай, шабандозды да тәрбиелеп жүр. Тақымы мықты шабандоз тәрбиелеу үшін қандай қасиет болуы қажет деген сұрағыма атбегі: «Атбегілер жүйрік болар жылқыны құлын кезінен баптап, аттың сынына аса мән берген. Бізде, әуелі жүйрікті тегі мен сүйек бітіміне қарап таңдаймыз. Содан соң, қыста жілік майын толтырып семіртеміз. Кейін аяңдатып, желдіріп жаймен мініледі. Күн жылынғасын жұмысы көбейтіледі. Ат дайын бола бастағанда, қалың жабулап, қашықтығына қарай терін аламыз. Солай бәйге атын дайындаймыз.
Сол секілді шабандозды тәрбиелейсің. Аттың бәйгеде бірінші болып келуі шабандозға да байланысты. Ең бірінші шабандоздың атқұмарлығы, ынта-жігері маңызды. Жүректілік пен тұрақтылық, жауапкершілік қажет. Қ а л ғ а н ы н а т қ а мі н у б а р ы с ы н д а ү й р е н е ді . Шабандоз бен тұлпардың арасындағы сенім пайда болған кезде жеңіске деген табандылыққа әкеледі» – дейді.
Бүгінгі таңда атадан қалған асыл өнерге деген құрмет артып келеді. Тек мерекеде ғана емес, ауыл атбегілерінің ұйымдастыруымен жастар арасында бұл спорт түріне қызығушылық та артқан.
– Біздің ауданда атбегілер саусақпен санарлық. Дегенмен, соңғы жылдары серпіліс бар. Атбегілер қатары көбейіп келеді. Алайда әлі де ат спортына деген қызығушылық пен қолдау аз ба деп ойлаймын.
Қоғамда атбегілер ақшаның астында көміліп жатыр деп ойлайтындар бар. Ақшаға көміліп жатқан атбегілер көп емес шығар. Бұрынғыдай атты далаға жібере салам. Бәйге жақындағанда ұстап, қоса қоямын де ген жоқ. Қазір кілең қанды жылқылар. Қолға ұстамасаң болмайды. Біріншіден, қыста тебіндеп даладан шыға алмайды. Екіншіден, режиммен дайындалғаны дұрыс. Сондықтан жыл бойы қорада тұрады. Оған беретін шөбің, жемің, сәбіз, алмаң, дәруменің бар. Осыған да біраз шығын кетеді. Бірақ атты ниеттеніп ұстасаң Алла өзі ретін келтіріп, ризық-несібесін береді, – дейді атбегі. Абылай Смағұлов бүгінде аудан руханиятының дамуына үлесін қосып, Есбол ауылындағы мәдениет үйінде әдіскер болып еңбек етуде. Сондай-ақ түрлі деңгейдегі айтыс додаларында топ жарып жүр.
«Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, жігіттің бұған құмар өнерпазы» деп қазақ ауыз әдебиетінде жырланғандай, ұлттық өнерімізді дәріптеп, насихаттап жүрген Абылай Смағұлов: «Баптаған аттың бәрін жақсы көріп дайындайсың. Бірақ, біреуі сәл ерекшелеу көрінеді. Ақанның Құлагері секілді, менде де жаныма жақын жүйрік "Мұрагер" бар» – дейді. Ендеше, бәйгеге қосар аттарының бабы мен бағы қатар жанып, абыройы асқақтай берсін деген тілектеміз.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ


