Екі күнге созылған турнирге барлығы 15 команда қатысты.
Мақсат – футзал спорты арқылы халыққа салауатты өмір салтын насихаттау мен денсаулығын нығайтуға үлес қосу, аудан жастарынын футзал спортына деген ынтасын,қызуғушылығын арттыру. Турнирге Орал қаласынан келген Ерлан Базарбаев пен Азамат Ибатов төрелік етті.
Футбол сүйер ағайынға ала доп шеберлері тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс нәтижесінде Бөдене командасы чемпион атанды. Ал Достық командасы ІІ орын, ИндерСтройСервис командасы ІІІ орынға ие болды.
Ойын барысы жайлы айтар болсақ, үшінші мәрте чемпион атанған Бөдене командасы алғашқы ойында Жарсуат ауылының командасын 4:2, Есбол2 командасын 6:2 есеппен жеңіске жетсе, ИндерСтройСервис командасымен тең түсті. Ал ¼ финалда 2002 командасын 7:0 есебімен айқын жеңісті көрсетсе, ½ финалда Барлаушы командасымен ойында есеп тең түсіп, пенальти сериясымен жеңіс бөденеліктерге бұйырып, 3:1 есеппен аяқталса, финалда Достық командасын 5:3 есебімен жеңді.
Сондай-ақ Азамат Біржанұлы (Бөдене) «Үздік бомбардир», Хамит Қожаниязов (Бөдене) «Үздік ойыншы», Али Асылбеков (Индер строй сервис) «Үздік қорғаушы», Сұлтан Оңайғали (Достық) «Үздік қақпашы» номинацияларын жеңіп алса, Сұлтанмұрат Сағын (Бөдене) «Турнирдің жас ойыншысы» атанды.
– Бөдене ауылы командасы аудан бойынша ұйымдастырылып жатқан осы турнирдің үшінші рет қатарынан жеңімпазы атанып, өте қуанышты көңіл күйде тұрмыз. Бұл турнирге Атырау қаласына танымал жоғарғы лиганың ойыншылары командалар құрамына кіріп, жарыс көркін одан әрі қыздырды. Бұл жарыстың жоғарғы деңгейде болғаның тағы бір көрінісі. Біз бұл жарыста команданың бірлігін бекем ұстап, ауызбіршілік танытып тек жеңіске жету керекпіз деген ұранмен шығып жеңімпаз атандық деп ойлаймын. Әрине бұл жерде Бөдене ауылынан келген жанкүйерлердің қолдауын айта кетуім керек, ерекше сезіндік бұл бізге жеңіске жетуге деген жігерімізді одан әрі арттырды.
Бізді осы жарысқа қаржылай демеушілік танытқан Еркебұлан Бисенов бастаған ауыл азаматтарына алғысымызды айтамыз,- дейді ойын барысы туралы бөліскен Бөдене командасының ойыншы Дәурен Төлеуғалиев.
Турнир жеңімпаздарына арнайы кубок, диплом, медаль және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Жадыра НАРИМАНОВА


