Жаңашыл мектептер мұғалімдерге де жаңа жауапкершілік жүктейді

«Атырау облысында «Келешек мектебі» жобасы кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазіргі таңда облыс бойынша бірнеше жаңа мектептің құрылысы жүріп, бірқатары пайдалануға берілді. Бұл білім нысандарының барлығы заманауи стандарттарға сай, оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Жоба өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі — орын тапшылығы мен үш ауысымды оқытуды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Жаңа ғимараттардың ашылуы арқылы балалардың қауіпсіз, қолайлы, кең білім беру ортасында оқуына жағдай жасалды. STEM-зертханалар, арнайы пән кабинеттері, спорт және шығармашылық залдары, инклюзивті білім беруге арналған кеңістіктер — бәрі де бүгінгі білім беру талаптарына бейімделген. 

Әрине, ауқымды жобаны іске асыру барысында белгілі бір қиындықтар кездеседі. Ең алдымен, құрылыс қарқынын уақытылы сақтау, сапаны бақылау, мектептерді қажетті жабдықтармен толыққанды қамтамасыз ету және жаңа форматтағы білім беру ортасына дайын білікті педагогтермен қамту — бұл әрдайым назарымызда тұрған маңызды бағыттар. Ауылдық және жаңа ықшамаудандардағы демографиялық өсім де мектеп салу жоспарына белгілі бір түзетулер енгізіп отырады. Дегенмен, осы қиындықтар жоба мақсатынан айнытпайды, керісінше, өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытуда нақты қажеттіліктерді айқындай түседі.

«Келешек мектебі» – тек жаңа ғимарат емес, ол – балаларға сапалы білім алуға, цифрлық дағдыларды меңгеруге, шығармашылық қабілеттерін ашуға арналған жаңа мүмкіндік. Біз үшін ең маңыздысы – әр баланың заман талаптарына сай білім алуына жағдай жасау. Сол себепті бұл жобаны Атырау облысының білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі деп есептейміз. Жаңашыл мектептердің ашылуы – мұғалімдерге де жаңа жауапкершілік жүктейді, алайда бұл педагогтердің кәсіби өсуіне, жаңа әдістемелерді игеруіне, білім сапасын арттыруына жол ашады. Алдағы уақытта да біз осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, өңірдегі әрбір оқушыға лайықты білім беру ортасын құруды жалғастырамыз».

Ләззат Еділханқызы,

Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT