Озық ойлылар орын алды

Индер аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «Жастармен бірге» ұлттық жастар онкүндігі аясында «Жастар – жарқын болашақ бейнесі» атты Inder Quiz интелектуалды ойыны өтті.

Жастардың ой-өрісін дамыту, білімін жетілдіріп, бос уақытын тиімді өткізуге жәрдемдесу, сонымен қатар, бұл зияткерлік ойын адамның көкірек көзін ашып қана қоймай, жаңа орта, жаңа дос табуға көмектесуді мақсат тұтқан ойынға ауданға қарасты ауылдық округтер, мекемелермен қоса, көрші Исатай ауданынан команда келді. Жетпістен астам жас қатысқан сайыста 12 команда сынға түсті. Ойынға «Аmanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дәурен Сағынғалиев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мөлдір Темірғалиева төрелік етсе, ойынды атыраулық Рахат Қонысбайұлы жүргізді.

Алты кезеңді қамтыған тартысты ойын нәтижесінде бағы мен бабы келіскен Индербор кентінен қатысқан «Хомо Сапиенс» командасы 23 ұпай жинап, І орын мен 100 000 теңгелік сертификатты жеңіп алды. Ал, бөденелік «Индиана Джонстар» командасы 21 ұпаймен ІІ орынды және 75 000 теңгелік сертификатқа ие болса, ІІІ орынға өрліктік «toQAIYP» командасы жайғасып, 50 000 теңгелік сертификат алды.

Қызықты да білімді жетілдіруге септігін тигізген ойын үшін қатысушылар ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Ж.НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT