Өрлік ауылында мешіт құрылысы басталды.
Қасиетті жұма күні қолға алынған игі істе алдымен құран оқылып, құрбан шалынды.
Алғашқы сөзді алған ауыл әкімі Серік Сисатов ауылда мешіт салу мәселесі көптен сөз болып жүргенін, айтылған ұсынысты шешудің орайы енді келіп отырғанын жеткізді. Ауыл басшысы бұл бастамаға қолдау көрсеткен барша азаматқа жерлестері атынан алғыс білдірді.
Осынау қуанышты сәтке арнайы келген облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысқанұлы исі мұсылман қауымын игі іске ұйыстыра білген өрліктік өрендерге алғыс айтты.
- Мұнда Алла қаласа 150 адамнан 200 адамға дейін намаз оқуға мүмкіншілік болады. Мешіт салу үшін арнайы талаптар қойып отырмыз. Ол жерде мешіт имамының үйі және тахаратханасы болуы керек деген. Жалпы атам қазақ ертеңіне үлкен үмітпен қарай білген, жас буынға сенім артқан өнегелі ұлт қой. Ендеше үмітті ақтар ұлағатты ұрпақ қатары мол болсын,-деді бас имам.
Жиында білім беру саласының ардагері, кезінде өзі де қасиетті Мекке жерінде қажылықта болған Махамбет Көргенов те ауылдастарының алғысын жеткізді.
- Ауыл тұрғындары, халқымыз қуаныш үстінде. Мешіт салуға ауыл жастары қатысып жатыр. Бұл инабатты да ибалы, иманды ұрпақ өсіп келе жатырғанын көрсетеді. Бәріне рахметімізді айтамыз. Ел аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді ол.
Айта кетейік, 150 адамға арналып салынғалы тұрған мешітке демеушілермен қатар ауыл зейнеткерлері бастама көтеріп қаржы аудартса, ауылдағы Қабижан Абақанов атындағы орта мектепті 2001 жылы аяқтаған түлектер де қуаныш ортасынан табылып, 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай олар өзара қаржы жинап, осынау игілікті іске үлес қосуды жөн санаған.
Жалпы, үш мыңнан аса тұрғыны бар ауылда соңғы жылдары әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілді. Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің бастамасымен 1 мұқтаж отбасы пәтерге ие болғанын да айта кеткен артық болмас.
Сұңқар КӨШЕКОВ
Өрлік ауылы