Ұлттық жоба нәтиже беруде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес қабылданған жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасы өз жемісін бере бастады.

Аталған бағдарлама аясында кәсібін бастағысы келген жандардың арасында жастар көптеп табылады. Олардың қатарында үстіміздегі жылы 30 жасқа толатын, бір әулеттің отанасы Гүлзираш Бақтыгерей бар. Осы жоба бойынша 1 миллион 225 мың теңге қайтарымсыз грант алып, «Тіл ашар» оқу-дамыту орталығын ашқан. Аз уақыттта 40-қа жуық келушіге қызмет көрсетуде екен.

– Мен – дефектологпын. Жеті айдан 18 жасқа дейінгі балалармен психологиялық-педагогикалық дамыту жұмыстарын жүргізудемін. Өткен жылдың тамыз айынан бастап аналардың бастамасымен мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алып, инклюзиялық орталық ашқан болатынмын. Қазіргі уақытта ерекше балалардың анасын оқытып, жұмыспен қамтудамын. Осындай қолдау көрсетіп жатқан мемлекетке үлкен рахмет айтамын, – дейді ол.

Ал ер азаматтар да мемлекет тарапынан жасалып отырған мұндай қамқорлыққа дән риза. Олардың арасында 28 жасар индерлік Сағадат Бөзекенов те бар. Ол өз жобасын жергілікті жерде құрылған комиссияға ұсынып, мемлекеттік грантқа асханалық тағамдарды дайындайтын жылыту, пісіру құралдарын сатып алуға үлкен мүмкіндік алғанын жеткізді.

– Бұл – маған үлкен көмек. Ғимараттан бір мезетте 20 адам тамақтана алатын орын ашып отырмыз. Көбіне жастар жанұяларымен келеді. Тұтынушылардан сұраныс көптеп түсуде. Мүмкінідігіне қарай үлгеруге тырысамыз,–деді ол.

Ұлттық жоба аясында беріліп отырған бұл жеңілдіктің кәсіп бастағысы келетін азаматтарға жедел жетуіне мүдделі боЛып отырған аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, қажетті қаражат бөлуде кідіріс жоқ екен.

–2021-25 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2022 жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 40 адамға 49 миллион 8 мың теңгенің гранты төленді. Күні бүгінге олар өз кәсіптерін ашып, жұмыстарын атқарып отыр,–деді орталықтың жетекшісі Мәриям Жаңабаева.

Аталған ұлттық жоба үстіміздегі жылы да өз жалғасын табуда. Ол үшін қазынадан 27 600 000 теңге қаражат бөлінген. Аталған грантты 20 үміткерге бөлу жоспарланған. Наурыз айында өткізілген комиссия отырысында 30 үміткердің ішінен 10 адамның жобасы мақұлданыпты.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521