"Колбинді көріп, дүрлігіп кеттік"

Есболдық Жылышпанова Эльмира Жұмаханқызы – Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысқан қазақтың қайсар қыздарының бірі.

Көңілдері жарасып жастай қосылған қосағы Самиғолла Жылышпанов 2006 жылы дүниеден ерте озды. Отбасында Әсел, Мейрамгүл, Ақтілек, Күмісбек, Ақботаны өзі тәрбиелеп келеді. Қазір ауылда наубайхана ашып, кәсіпкерлігін дөңгелентіп отыр. Ол Алматыда Қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетінің 2-ші курсында оқып жүрген шағында Желтоқсан көтерілісіне тап болады. - Поштадан әдеттегідей бір бума газетті жатақханаға әкеле жатқан сәтте факультет деканы қарсы ұшырасты. Сәлемімді алар-алмастан газет ішінен «Казахстанская правданы» суырып алып қарады. Әшейінде жайдары жүретін деканның қабағы түнеріп кеткен. Сонда байқағаным газеттің бірінші бетінде республика басшылығына жаңа тағайындалған Колбиннің суреті, өмірдерегімен басылыпты. Жатақханадан шыққан қыздар да газетке көздері түсіп жиналып қалды.

«Қонаевтың орнына Колбиннің болғаны қалай, Қазақстан, Қазақстаннан басшы болатын ешкім болмады ма?» деп абыр-сабыр болды. Әсіресе, үшінші курстың студентерінің «старостасы» «Бұл дұрыс емес, неге қазақты қазақ ұлты басқармайды?» деп әбден ашуға булығып, газетті парша-паршасын шығарып жырта бастады. Оны баршамыз да қолдап, азан-қазан болып қалдық. Декан бәрімізді сабырға шақырып, сабақтарымызға баруымызды талап етті. Бірақ қыздардың шуылы басылмады, әрі болған жайдан хабардар болған басқа студенттер де қосылып тіптен күшейіп кетті... Желтоқсан көтерілісі саналатын алғашқы күні-ақ сағат тоғыздарда Брежнев алаңына бардық. Алаңға қазақтар жан-жақтан енді ғана жинала бастаған екен. Шерудің бәрі де бейбіт түрде өтіп жатты. «Қазақ елін Қазақ басқарсын!» деген үлкен әріптермен жазылған ақ плакатқа қолымызды қойдық. Трибунадан тараңдар деп қаншама мәрте ескертілгенімен, тарап жатқан ешкім жоқ. Бір кезде трибунаға біздің институттың ректоры да шығып, «Тараңдар, әйтпесе оқудан шығарыласыңдар» деп хабарлап жатты.

Топ арасында белсенді түрде үгіт-насихат таратып жүргендері де кездесті. Соның бірі мұғалім болар деп топшыладық, қасымызға келіп «Қазақ елін қазақ қана басқару керек» деп намысымызды қайрап кетті. Түске дейін шуақтанып тұрған күн өзіме бұлттанып бара жатқандай әсер етті. Қайдан білейік, бейбіт шерудің арты қанды қасапқа жалғасатынын. Түсқайта жатақханамызға барып, жылынып шықпақ болдық. Бір байқағаным, көшеде қала тұрғындары әдеттегіден гөрі өте аз көрінді. Жатақханаға келсек, милициялар жүр. Бізді ішке кіргізгенімен қайта ешкімді шығармады, мықты күзет қойып тастапты. Түнгі сағат 11.00-де жаңағы газет жыртатын «староста» қызды алып келді. Үсті-басы түгел қан жоса. Оны жеке бөлмеге жауып, ешкіммен қатынастырмады. Сол түні дүрлігуден ешкім ұйықтамаған шығар. Телефонның алдын милиция күзетті. Ауылмен амандық білуге азар ие боласың, артық ауыс ештеңе айтқызбайды, жатақханада қатал тәртіп орнады. Көп кешікпей біздерді де тергеп-тексеру басталды. Деканымыз алдын ала болған жайды және алаңға барғанымызды айтпауды ескертті. Тергеушілердің қолдарында алаңда түсірілген фотосуреттер бар екен, бәрімізді тергеуге алды. Арамыздан бірге оқитын қызды кездестіріп, алып кетпек болғанда оған бәріміз араша түсіп дүрлігіп қалдық, -дейді Эльмира Жұмаханқызы Желтоқсанның ызғарлы күндерін еске алғанда.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521