Жаңа жылға баспасөзге жазылу кезеңіне орай аудандық "Дендер" газетінің бас редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты Жанай Амантурлин арнайы жоспарға сай ауылдық округтерде болып басылым оқырмандарымен кездесуді бастады.
Алғашқы кездесу кезінде орденді Өрлік атанған ауылдық округінде бастау алды. Ауылдық кітапханада өткен кездесуде газеттің бас редакторы Жанай Ислямғалиұлы аудандық газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, болашақ жоспарлары турасында ой бөлісті. Газет оқырмандары Қисым Жәрдемов ел тарихын, тарихи тұлғалар туралы кеңінен баяндалып жарық көрген мақалаларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол қарапайым еңбек озаттары туралы да мақалалар жарық көрсе деген ойын жеткізді. Алдағы 2027 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевтың туғанынан 100 жыл толмақ, айтулы шараға арналған дайындық жұмыстарын осы бастан қолға алу қажеттігін еске салды. Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Шапағат Жұмажанов ауылға балалар ойын алаңын салу мәселесін көтеріп ауыл спортшылары аудандық "Дендер" газетіне бір кісідей жазылуды ұйғарып отырғанын жеткізді.
Кездесуден соң бас редактор 94 жастағы қарт оқырман, еңбек ардагері Мұрасқали Тілегеновтың жанұясында болып есен-саулық сұрасты.
Сұңқар КӨШЕКОВ.

