Франция әлемдегі ең мәдениетті, ең көп турист қабылдайтын, романтика мен махаббат, сән мен өнер, талғам пен дәстүрді биік ұстанатын ел ретінде де әлемге танымал. Тарихы терең, экономикасы дамыған елдердің алдыңғы қатарында. Біздің ендігі болашағымыз деп танылған атом энергетикасынан бұл ел Еуропаның ғана емес, әлемнің көшбасшысы. Ал біз биылғы жұмысшы мамандықтар жылына орай осы елдің астанасы Париждің түбіндегі Льянкур қаласында жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасап жүрген Индердің перзенті Темірәлиев Әсет Батыргерейұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Әсеттің әкесі Бәтөк атымен танымал Батыргерей Қажығалиұлын, анасы Зоя Базарбайқызын индерлік аға буын өкілдері жақсы біледі. Әсет Батыргерейұлы Индербор кентінде 1978 жылдың 17 ақпанында дүниеге келген. Кенттегі М.Әуезов атындағы орта мектепте тәлім алған. Алматы энергетика және байланыс университетіне грантқа түсіп оқығанымен, аяқтауға сәті түспеген.
Ұзақ жылдан бері вахталық әдіспен жұмыс жасаған. Теңіз кенішінде «Юлмар- Сервис», «НефтеСтройСервис», «Денхолм-Жолдас» сынды компанияларда құбырларды қаптаушы болып еңбек еткен. Біліктілігі мен тәжірибесін шыңдап, дәл осы мамандықпен шетел асты. Алдымен Литва, кейін Бельгия мен Нидерланд елдерінде, қазір Францияда еңбек етуде. Батыс Еуропада Литва елінің тұрақты тұруын растайтын құжаты арқылы жұмысқа орналасуға мүмкіндік туған. Яғни Еуропа азаматы ретінде. Еуропа Одағына 27 мемлекет мүше болып кіретін болса, соның бірі осы Кеңес Одағы кезіндегі одақтас болған ел - Литва. Сондықтан да осы елден тікелей шетелдік компаниясында мердігер арқылы жұмыс жасауда.
- Негізі Батыс Еуропаға атқаратын жұмысыңды жақсы біліп барған жөн екен. Білікті маман болсаң, ақысы да жоғары. Қазір маған сағатына 14 еуро төленеді. Қасымдағы ең жоғары алатын мамандар 17 еуроға дейін жалақы алады. Біздің литвалық компания әуелі елінде тәжірибеден өткізді. Сағатына 6-7 еуро ғана төлейді. Енді біреулер еңбек кітапшасына «бірнеше жылғы өтілім бар, жоғары категориялы маманмын» деп өтірік жаздырып, мөрін соқтырып келетіндер кездеседі. Бірақ олардың бәріне де Литва елі 1 ай сынақ мерзімі бойынша жұмыс жасатады. Сонда қаншалықты сауатты екендігінің ақиқаты ашылады. Мен де осындай сынақтан өтіп, 1 ай бойы сағатына 6 еуро алдым. Сосын жұмыс барысында 10-11-12 еуроға көтерді. Содан шеберлігімді шыңдап, 13 еуро, кейін 14 еуроға жоғарылаттым. Жергілікті француздар аптасына 4 күн толық жұмыс жа - сайды. Ал жұма күні түске дейін ғана жұмыс. Белгіленген уақыттан артық жұмыс жасамайды. Содан сенбі мен жексенбі демалады. Жалпы жексенбі күні барлық дүкендер жабық бо - лады, банктер де жұмыс істемейді. Ал біздерге сенбіде жұмысқа шығу-шықпау өз еркімізде. Бірқатар жігіттер сенбіде жұмысқа шықпағанды жөн санайды. Қазіргі жұмыс жасап отырған орында екі ғана қазақпыз. Басқа фирмаларда қазақтар бар. Атыраудан жалғызбын. Негізінен Оралдан, Алматы жағынан да көп. Ал өз мамандығыңды жақсы игеріп, шебері болсаң қай жерде де жол ашық екен, – дейді Әсет Батыргерейұлы.
Әлемнің дамыған елдерінде білім алу, жұмыс жасау бұрын арман болып көрінсе, қазір бұл әлдеқайда қолжетімді, тіпті қажет. Шетелдегі жұмыс жеке адамның табысына ғана емес, ел экономикасына да оң әсерін тигізері ақиқат. Шетелде жұмыс істейтін аза - маттар өз тәжірибелерімен, білімдерімен елге қайтып оралса, Қазақстанның экономикасы ұтылмасы анық.
Бүгінгі кейіпкеріміз Әсет Батыргерейұлының да мақсаты шетелде табыс табумен қатар, тәжірибе жинақтап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық аху- алына үлес қосу. Оның елге аман-есен келуін тілеп отырған жұбайы Эльвира мен кішкентай қызы Атырауда тұрады.
Саламат БАЗАРБАЕВ
Индер ауданы