«ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА КӨП ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ»

ЕРЕКШЕ БАЛАҒА БІЛІМ БЕРУ, ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТУ, БЕЙІМДЕУ БАҒЫТЫНДА ЕЛІМІЗДЕ БІРҚАТАР ЖҰМЫСТАР ЖАСАЛЫП КЕЛЕДІ. СОНЫҢ БІРІ – АУДАНДА 2004 ЖЫЛЫ АШЫЛҒАН №3 ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТҮЗЕУ КАБИНЕТІ. ҚҰРЫЛҒАНЫНА 20 ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТ БОЛҒАН КАБИНЕТТЕ БҮГІНГІ ТАҢДА 145 БАЛА БІЛІМ АЛСА, ОНЫҢ 37-І АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕН КЕЛЕДІ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ЕЛІМІЗДЕ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР САНЫ АРТҚАНЫ БЕЛГІЛІ. ОСЫ РЕТТЕ АТАЛҒАН КАБИНЕТТІҢ АЛҒАШҚЫ МЕҢГЕРУШІСІ МЕРУЕРТ ТҰХФАТҚЫЗЫМЕН ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ЕДІК. 

– Меруерт Тұхфатқызы, ерекше балаға білім беретін кабинет қалай құрылды?

-Алғашқы кезеңде қандай болды?– 2004 жылы 8 ақпанда кентте №3 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті ашылып, мені меңгеруші ретінде тағайындады. Алғашында «жұмысы  қалай жүреді, қандай шәкірттер келеді, қандай маман қабылдаймын, кабинетке қажетті дефектолог, логопед  секілді мамандардың білім деңгейлері қандай?» деген секілді сұрақтар болды. Қиындықтар да кездесті. Жарғысы, оқу құралдары болмады. Бәрін өзіміз табуымыз керек болды. Өйткені бұл ауданда алғаш құрылып отырған кабинет еді. Штатта меңгеруші, психолог,  невропатолог, есепші болуы қажет. Ауданда дефектолог маман табылмады. М.Әуезов атындағы орта 
мектептен Галина Арыстанғалиқызы психолог, Роза Сабырқызы невропатолог, Тұрсын Хайруллақызы логопед  болып қабылданды. Дефектологқа бастауыш сыныптың немесе қазақ тілі, орыс тілі пәні мұғалімін алуға болғанымен мектептен келген мамандар тұрақтанбады. Ол кезде Х.Досмұхамедов университетінде дефектолог, сурдолог деген мамандықтар оқытылмады. Бүгінде кабинетте Тұрсын Хайруллақызы жетекшілік етіп, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмысты жандандырып отыр. 

Бұдан бөлек, бірге жұмыс жасаған Гүлфайруз Дүйсешқызы әлі де жұмыс жасап келеді және жас мамандармен толықты. Алғашында білім бөлімініңжанындағыкабинетке 1 үстел, екі орындық қана болды. Демеушілер іздеп,  кабинетімізді жандандыруға тырыстық. Индерлік желілік-өндірістік басқармасы көп көмектесіп, құралжабдықтар алып берді. Басында тек жалақыны ғана алсақ, кейіннен материалдық-техникалық базаға қаржы бөліне бастады.

– Орталыққа балалар қалай қабылданды?

– Бастапқыда әріптестерімізбен бірге ерекше бала да қоғамнан қалыс қалмай, білім алуы керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстар жүргізіп, атааналармен кездестік. 2004 жылы  10 ақпанда кабинеттің алғашқы балалары келе бастады. Алғашында он бала келді. Кейін жылына бір рет облыстық психологиялық-медикопедагогикалық кабинетінен комиссия келіп, консультациясының қорытындысы арқылы жолдамасымен бала қабылданатын болды. Әлі де сол жүйемен бала қабылдау жүзеге асады. Дамуы шектелген балаларды алғашқы кезеңде ата-аналары кабинетке әкелгісі келмеді. Ата-аналар тарапынан «менің ауыратын балам жоқ» деген секілді қарсылықтар болды. Кейін олар да түсініп, баланы қайткенде де орталыққа әкелу арқылы дамытып, түзетуге болатындығын білді. Балалар саны көбейді. Сөйтіп 30-35 минуттан сабақ өтетін болды.

– Балалар арасында оң өзгеріс байқалғандары болды ма?

– Кабинеттің негізгі мақсаты – ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға кешенді психологиялық, педагогикалық көмек көрсету. Яғни кабинетте сөйлеу дамуының кешігуі, интеллект бұзылыстары, қимыл тірек аппаратының бұзылыстары, психикалық дамуы, сөйлеу қабілеті, эмоциялық-жігерлі саланың бұзылыстары, сөйлеудің жалпы дамымауы, интеллекттің орташа бұзылуы бар 3-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге психологиялықпедагогикалық түзеу көмегі көрсетілді. Бұған қоса баланың проблемаларын мамандармен бірігіп отырып, командалық бағалау арқылы кешенді зерделеу және баланың психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік көмекке деген мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін анықтайды. Жеке, топтық түзеу-дамыту сабақтары жүргізілетін кабинетте отбасыжағдайында ерекше білім қажет ететін балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарына кеңес те берілді. «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Заңның 4 тарауында мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары бекітілген. Бастапқыда жұмысқа қабылданған мұғалімдерді облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын институтқа, Алматы қаласындағы «Республикалық ғылыми орталығы»  (САТР) жанындағы білім жетілдіру курсына оқуға, тәжірибе алмасуға жібердік. Логопед маманы балаларға артикуляциялық жаттығулар, тіліне, бетіне массаж жасау арқылы баланың сөйлеуге ынтасын арттырса, әлеуметтік маман әлеуметтік ортаға бейімделуге, өз-өзіне қызмет етуге, басқа адамдармен байланыс жасауға үйретсе, дефектолог маманның баланың әлеуметтік ортаға бейімделуіне үлесі зор. Кейін емдік дене шынықтыру маманы (ЛФК) дене қозғалысына жаттығулар, ойындар, массаж жасау арқылы баланы спортқа, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына атсалысады. Яғни тілінің кемістігі бар, әріптерді айта алмайтын, қалам ұстай алмайтын балалармен жұмыстар атқарылып, саусақ моторикасын дамыту сабақтары жүрді. Емдік дене жаттықтырушы (ЛФК) маманы қосылып, қимыл-қозғалысты түзетуге атсалысты.Жоғарыда айтып өткенімдей, мамандармен бірге журналдардан іздестіріп, басқа аудандағы әріптестермен сөйлесе отырып, жылдық, айлық, күнтізбелік жоспар құрып, орындадық. Әр маман өзінің жұмыс жоспарымен балаға білім берді.
 Әр баламен жасалған жүйелі жұмыстың нәтижесінде сөзді нақты айтуды үйренген, санап, түстерді танып үйренген балалар болды. Кейбір балалар берілген тақпақтарды ұмытпай айтып беретін. Бастысы, ата-ана мен мұғалім бірлесе отырып, баланың дамуы үшін ерінбей жұмыс атқарса, түбі нәтиже береді.

– Соңғы жылдары тілі кеш шығатын, мүкістігі бар балалар көбейген. Не себеп деп ойлайсыз?

– «Дені сау ата-ана – дені сау ұрпақ» дегендей, ата-ана өз денсаулығына мән беріп, салауатты өмір салтын ұстануы қажет. Жалпы бүгінде экология, тамақтану тәртібі де ерекше баланың көбеюіне әсер етіп отыр. Әр бала әртүрлі дамиды. Кей балалардың тілі кеш шығады. Ана баласы құрсағында жатқан кезден сөйлесіп, өмірге келгеннен кейін бір сұрақты он рет сұраса, он рет жауап бере білу керек. Біздер көп кітап оқыдық. Кітап арқылы мидың, тілдің жұмыс істеу қабілеті артады. Қазіргі балалар таңның атысы кештің батысы ұялы телефонға үйір. Қалай алдын аламыз десек, барлығын алдымен өзіміз үйренуіміз қажет. Мысалы баламен қалай байланыс жасауды, сұраққа жауап беруді білу керек. Ауданда 21 жыл бұрын ашылған №3 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің маңызы зор. Неге десеңіз, балалар бұл жерде мектептегідей білім алмаса да, диагноздарына қарай мұғалімдерден қоғамға қалыптасуды үйренеді. Мысалы, дүкенге барғанда не істеу керек, өзін қалай таныстырады, өзіне керекті затты қалай айтады, автобусты қалай күту керек  деген секілді нәрселерді әлеуметтік педагогтан үйренеді. Ерекше балаларға әлі көп қолдау қажет. Осы кабинеттен зейнетке шықтым. Әлі күнге дейін мені осы кабинеттің тұрақты орны жоқ екендігі толғандырады. Мен меңгеруші болған уақытта 5 рет орын ауыстырдық.  Қай жерде бос орын болса, сонда жібереді. Ол жерге бала келетін болғандықтан, мұғалімдер ақтап, сырлап дайындайды. Бұл ерекше баланы әкелетін ата-анаға да қиындық туғызады.  Мүмкіндігі шектелген балалар да қоғаммен бірге қалыспай, дамуы қажет. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға көп көңіл бөлініп, түрлі жұмыстар атқарылады. Олардың танымдық қабілеттерін дамытып, өмірден өз орнын табуға мүмкіндік беріліп отыр. Ерекше баланы оқыту мен тәрбиелеу – білім беру жүйесінің бір бөлігі. Бұл үрдіс еліміздің 2011-2020 жылдары қабылданған бағдарламасында айқын айтылған. Білім мамандарына арналған міндеттер барысында ақыл-ойы қалыпты дамитын балалардың қатарына мүмкіндігі шектеулі балалардың да білім алуына барлық жағдай жасалуы керек деп есептеймін.

–  Меруерт Тұхфатқызы, әңгімеміздің соңында өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Өзім 1950 жылы 6 қарашада Махамбет ауданында дүниеге келдім. Сол жерде білім алып, кейін 1972 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тарих және қоғамтану пәні факультетін бітіргеннен кейін жолдамамен Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы №3 мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет істеуден бастадым. 1981 жылы отбасымызбен Индер ауданына қоныс аударып, М.Әуезов атындағы орта мектепке тарих пәні мұғалім болып қабылдандым. 35 жыл үздіксіз ұстаздық қызмет атқардым. Оның 18 жылын мұғалім, 4 жылын (1991-1995) оқу ісінің меңгерушісі, ал 1995 жылдан 2004 жылға дейін М.Әуезов атындағы орта мектебінің директоры қызметін атқардым. Ұзақ жыл бойы озат тәжірибені жинақтау, іздеу, тарату жұмыстарымен айналысып,  пән бірлестігі мен методикалық 
кеңесті басқардым. 2004 жылдан бастап әңгімеміздің өзегіне айналған кабинет меңгерушісі болдым. 2005 жылы Алматы қаласындағы «Республикалық ғылыми орталығы»  (САТР) жанындағы білім жетілдіру курсынан өтіп, өз тәжірибемді  дамуында кемістігі бар балаларға көмек көрсетуде тиімді пайдалана білдім деп ойлаймын. 1991 жылы Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі атағына ие болып, әдіскер ұстаз атанып, жоғары санат берілді. Мұның барлығы да менің ұстаздық жолда жүріп өткен жолдарым. Жалпы әр бала сапалы білім алып, қоғамнан қалыс қалмай, заманауи техниканы меңгеріп, дами алуы қажет. – Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT