ЕҢ ЖОҒАРЫ БАЛЛ – 129

  • Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Ресми деректерге сүйенсек, республика бойынша тестілеуді тапсырушылардың 51 мыңға жуығы (33%) шекті балл жинай алмаған. Олардың 76%-ға жуығы қазақ тілінде, 24%-ы орыс тілінде, 0,1%-ы (213 бала) ағылшын тілінде тапсырған. Талапкерлер негізгі тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік алып, ең көп ұпай жинаған нәтиже қорытындысын грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, 2021-2022 оқу жылын 328 түлек бітірген. Оның 253-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, екінші мүмкіндікті пайдаланған. 52 бала шекті баллға жете алмаған. 50-100 балл аралығында 142 бала алса, 22 түлек 100 баллдан жоғары нәтиже көрсеткен. Білім деңгейі 65 пайызды көрсетіп тұр. Аудан бойынша ең жоғары нәтижені Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің түлегі Назгүл Елемес иеленді, ол 129 балл жинаған.    
    – Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсеткеніме қуаныштымын. Өзім қалаған, таңдаған мамандығым инженер-программист болғандықтан, физика-математика мамандығын таңдап, сол бойынша дайындалдым. Мемлекеттік грантқа құжаттарымды тапсырып қойдым, енді хабарын күтіп отырмын, - дейді бізбен әңгімесінде Назгүл Елемес.
  • Биыл 24 бала мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаса, оның 10-ы 100 баллдан жоғары нәтиже көрсетті. Ал, былтыр ше?
  • Аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Шәрбану Сабировадан білгеніміздей, 2020- 2021 оқу жылында мектеп бітіруші 324 түлектің 254-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, оның 68-і шекті балл жинай алмаған. 19 түлек 100 баллдан жоғары жинаса, 126 түлек 50-100 балл аралығында алған. Ал, 22 түлек мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған. Білім деңгейі 63,3 пайызды құрап отыр.
  • Сонымен қатар, 72 түлек мемлекеттік грантқа ие болып, оның 12-сі педагог мамандығын таңдаған. Және 8 түлек облыс әкімінің грантын иеленіп, педагогика мен медицина мамандығына оқуға түскен. Биылғы мектеп түлектерімен әңгімелесе отырып байқағанымыз барлығы да ұлттық бірыңғай тестілеудің екі рет өткізілгеніне қуанышты. Солардың бірі Алпамыс Салауатов оқу жылында екі рет ақылы, екі рет мемлекеттік грантқа ақысыз         тест тапсырыпты.    
    – Өзім ауылда доп қуып өскендіктен, спорт бағытын тандадым. Мектеп кезінде баскетбол, волейбол, футболдан түрлі жарыстарға қатысып жүрдім. Со- нымен қатар, алғашқы әскери дайындық пәнінен аудандық жарыстарға барып, жүлделі орындармен қайтып жүрдік. Осындай жарыстарға қатысу спортқа деген сүйіспеншілігімді арттырды. Қазір Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне денешынықтыру пәнінің мүғалімі және таңдалған спорт түрлері бойынша жаттықтырушы мамандығына мемлекеттік грантқа құжатымды тапсырып, грант нәтижесін күтудемін. Басты мақсатым –
    еліміздегі спорттың дамуына үлес қосу,- дейді ол.        
    Әрине, баласы атқа шапса, үйдегі ата-анасы тақымын қысады емес пе?! Қ.Есқалиев атындағы орта мектептің түлегі Саят Хисметуллиннің анасымен сөйлескенімізде:
    – Балам биыл мектеп бітірді. Жалпы биылғы тест кез-келген балаға көптеген  мүмкіндіктер берді. Саят мектеп қабырғасынан алғыр, жан- жақты бала. Аудандық «Елім дейтін ұланбыз» атты аудандық айтыстан бас жүлде алып, облыста бақ сынады. Сонымен қатар, жақында ғана өткен «Қалам жұлдыздары» шарасында «Үздік спикер» номинациясын жеңіп алды. Осы ретте ұстазы Айсәуле Боранғалиеваға алғысым шексіз. Мұның барлығы ата-ана үшін үлкен қуаныш. Ұлымды мектептегі апайлары да бар білімін беріп дайындады, онымен қоса «140+1» деген онлайн ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындыққа қатыса отырып, білімімізді шыңдадық. Барлығын қосқанда төрт рет қалаға барып, тест тапсырды. Соның нәтижесі болар, 79 балл алдық. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы іргелі оқу орындарына логистика мамандығы бойынша құжат тапсырып, мемлекеттік грант қорытындысын күтіп отырмыз, - дейді анасы Гүлмара Меңдіғалиқызы.

  • Жадыра НАРИМАНОВА,
  • сурет ашық дерекөзден алынған

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT