Бес жылдық меже: Индер миллион түп көшет екпек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген маңызды міндеттердің бірі – таяу бес жылда орман қорына 2 миллиард ағаш отырғызу. Оның облыстағы орындалысы баспасөз мәслихатында талқыланды.

Бүгінде Атырау облысының мемлекеттік орман қорының көлемі 56265 гектарды құрайтын болса, орман алқаптары, негізінен, Жайық өзені мен Еділ өзенінің саласы Қиғаштың бойында орналасқан.

«Атырау облысы бойынша ормандарды өсіру мен молайтудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешендік жоспарына» сәйкес, облыстағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2803 гектар аумаққа 5 жыл ішінде 7,075 млн ағаш көшеттерін отырғызу көзделгені айтылған жиында Индер ауданы бойынша 758 гектар жерге 1 415,0 мың дана ағаш көшеттері отырғызылатыны белгілі болды. Бұл жөнінде облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы ашық әңгімеде Индер ауданы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме директоры Талғат Досжан да баяндады.

-Қазіргі таңда біздің мекемеге қарасты орман қорының көлемі 17908 га құрайды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында биыл өз күшімізбен тұқымнан шығару үшін 4 га жерге арнайы учаске әзірлеп, егіп қойдық,-деді ол.

22 орман қорықшысы қызмет ететін мекеме биылдың өзінде 100 га жерге көшеттер отырғызған. Оның 70 гектарына 125 мың түп сексеуіл, 30 гектарына 66 мың түп қызылағаш (ива) егілген. Олардың шығымы да жаман емес, 90 пайызы көктеп тұрған көрінеді.

Мекеме басшысы аудандар мен Атырау қаласынан ағаштарға сұраныс жоғары екенін айтуды да ұмытпады. Мысалы, биылғы көктемде 5 мыңнан аса көшет сұратылған жерге жөнелтілген.

Түгел сөзді түйіндей айтқанда, Индердегі орман шаруашылығы Президент тапсырмасын орындауға белсене кіріскен, әрі мақсатқа жетуде еш қиындық тумайтынына сенімді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521