Атырауда жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланған кәсіпорындармен келісімшарт бұзылды

сурет ашық дереккөзден алынды

Атырауда жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланған кәсіпорындармен келісімшарт бұзылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Еркебұлан Ермектовтің мәліметінше, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру үшін карьерлерді рұқсатсыз пайдаланған кәсіпорындар анықталған.

«Прокуратура қызметкерлері жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысына талдау жүргізді. Талдау қорытындысымен кәсіпорындардың тарапынан бірнеше талаптың орындалмағаны анықталды. Оның ішінде лицензиялық міндеттемелердің орындалмағаны, міндетті төлемдердің түспегені, жер пайдалану құқықтарының үшінші тұлғаларға заңсыз берілгені және жер учаскелерін құқық белгілейтін құжатсыз пайдаланылғаны туралы заң бұзушылықтар бар. Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес жалпы көлемі 773,9 га жер учаскесінің қойнауын игеруге жасалған «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның 13 келісім шарты және «Консалтинг-Недра» ЖШС-нің 1 келісім шарты бұзылды», - деп хабарлады Еркебұлан Ермеков.

Оның айтуынша, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауаптылыққа тартылған.

«Мұндай талдау жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Заңдылықты бұзған басқа да жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты шаралар қабылданады», - деп мәлім етті Еркебұлан Ермеков.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 206 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлаған болатынбыз. Атырау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидің мәліметінше, былтырғы он бір айда 206 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 185 жер учаскесі мемлекетке қайтарылған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521