Акция атмосфераны зиянды газдармен ластайтын автокөліктерді анықтау мақсатырда өтіп жатыр, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. «Таза ауа» акциясы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткізіледі. Экология департаментінің мамандары патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы құрылғының көмегімен автокөліктердің шығарындыларында ауа қабатын ластаушы заттардың нормативтерден асып кетуін тексереді. Атырау облыстық экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Сапар Тұрсынбековтың айтуынша, акция тамыз айының соңына дейін жалғасып, облыс аудандарында жалғасын табады. - «Таза ауа» экологиялық акциясының мақсаты - автокөліктер шығаратын зиянды заттардың мөлшерін нормативке келтіру. Нормадан асып кеткен жағдайда автокөлік иелеріне автокөлікке катализаторлар орнатуды ұсынамыз. Талап орындалмаса, полиция қайта тексеру кезінде автокөлік иесіне әкімшілік хаттама толтыруға құқылы, - дейді Сапар ТҰРСЫНБЕКОВ. Айта кетейік, «Таза ауа» акциясы аясында бір күн ішінде полицейлер мен экологтер 20-ға жуық автокөлікті тексерді, олардың жартысында атмосфераға зиянды заттар шығарындылары бойынша экологиялық нормативтен асып кету дерегі тіркелді. Автокөлік иелеріне бұзушылықтарды жою бойынша тиісті ескертулер берілді. Жыл басынан бері мамандар барлығы 40 автокөлікті тексерді, оның 8-іне экологиялық нормативтерді асырғаны үшін айыппұл салынды. Анықтама үшін: «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері облыста 200 гектар аумақ тазартылып, 723 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шаралар жалғасады. Ұйымдастырушылар облыс тұрғындарын іргелес аумақты тазалауға тарту үшін бірнеше жобаны жоспарлап отыр.
Атырауда «Таза ауа» акциясы басталды
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Аудан тынысы
- Read Time: 1 min
- 354