Индерлік Абылай Дәуітов облыстың жауынгерлік жекпе-жектер сайыстарының ашық чемпионатынан табысты оралды.
Жауынгерлік жекпе-жектердің бүгінде небір түрі кездеседі. Әрқайсысының ерекшеліктері әртүрлі. «Батырға оң, солы бірдей» дегендей, кезінде еркін күреспен шұғылданып өскен жерлесіміз Абылай Қисметоллаұлы (суретте-сол жақтан бірінші) қай жекпе-жекте де өзінің мықтылығын дәлелдеп жүр. Атыраудағы сайыста ол 75 келі салмақ дәрежесінде Сабыржан Махметов тізгінін ұстаған ұлттық жекпе-жектен Қазақстан чемпионатына облыстық іріктеу бәсекесінде 1 орынды жеңіп алды.
Сонымен қатар аралас жекпе-жектің ММА түрі бойынша күміс және жауынгерлік самбодан алтын алқа иеленді.
Абылай Қисметоллаұлы былтыр Павлодар қаласында аралас жекпе-жектен өткен республика чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын. Ендігі мақсат – жуырда Атырауда өтетін республика чемпионатында топ жару. Бүгінде ол Атырау қаласында жаттығып, шеберлігін шыңдауда.
Егер бабым мен бағым жанып жеңіске жетсем кәсіби деңгейге шығуды мақсат етіп отырмын, - деді жеңімпаз жерлесіміз сөзге тартқанымызда.
Әттеген-айы Индердің даңқын асырып жүрген батыр ұлымыз қаражаттың қолбайлауынан шеберлігін шыңдауда қиындықтарға кездесіп жүр екен. Себебі, жерлес сайыскерге ауданда салмақ дәрежесіне, әрі шеберлік деңгейіне сай спаринг сайыскер табыла бермейді. Облыста жақсы бәсеке бар. Бірақ жаттығу залдарының бәрі қомақты қаражат талап етеді. Қазақстан чемпионаттарына жол шығыны да өзінің мойында.
Сондықтан да Индердің намысын қолдан бермейік деген патриот азаматтар болса жастар жылында жеңісімен қуантып жүрген жерлесімізді қолдап жүрейік, ағайын!
Саламат Б.