Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сирек кездесетін металдар жөніндегі сұхбатында айтқан ойлары Қазақстан экономикасының жаңа даму кезеңіне бет алғанын көрсетеді. Алдағы жылдары мұндай материалдарға сұраныстың артуы – еліміздің жер қойнауындағы байлықты тиімді пайдалану қажеттігін айқындай түседі.
Бұл тұрғыда Индер ауданының қазба байлықтарға бай өңір екенін ерекше атап өткен жөн. Индер жері ежелден-ақ бор, тұз және гипс секілді пайдалы қазбаларымен танымал. Индер көлінің тұзы – еліміздегі ең ірі әрі сапалы тұз кен орындарының бірі. Сонымен қатар бор мен гипс өндірісі де аудан экономикасына үлес қосып, құрылыс пен өнеркәсіп саласында кеңінен қолданылып келеді.
Президент атап өткен жер қойнауын игеру мүмкіндігі – тек республикалық деңгейде ғана емес, осындай өңірлер үшін де үлкен серпін. Егер Индердегі пайдалы қазбаларды заманауи технологиямен өңдеп, қосымша құнды өнімге айналдыру жолға қойылса, бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өндірістік әлеуеттің артуына мүмкіндік береді.
Сондықтан Мемлекет басшысының сұхбатында көтерілген бастамалар Индер сияқты қазба байлыққа бай өңірлер үшін өзекті әрі болашаққа бағытталған деп есептеймін. Бұл – ел байлығын ел игілігіне жаратуға жасалған нақты қадам.
Ақсана Азаматқызы
аудандық кітапхана


