АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Үкімет мүшелері цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту мәселесін қарайды.
Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында: Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин; Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова; «Самұрық-Қазына» АҚ-ның цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры Абылайхан Оспанов БАҚ өкілдері тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп аталатынын айтқан еді.
— Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, Президент тапсырмасымен еліміздің цифрлық экожүйесін қалыптастыру аясында қыруар шаруа атқарылды. "Жасанды интеллект туралы" Заңның қабылдануы аталған саладағы жаңалықтың бірі болды. Осылайша, Қазақстан ЖИ саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге заң жүзінде негіз қалаған әлемдегі алғашқы елдердің қатарына енді. Аталған саладағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізуге арналған республикалық бағдарлама іске қосылды Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді белсенді цифрландыру жалғасуда. Бүгінде электрондық форматтағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің үлесі 91 пайызды құрайды. Тізілімде 1 448 мемлекеттік көрсетілетін қызмет бар. Олардың басым көпшілігі онлайн режимде қолжетімді. Бұдан басқа көрсетілетін қызметтердің 91 пайызын смартфон арқылы алуға болады. бұл процесті азаматтар үшін барынша ыңғайлы ете түседі. Елімізде цифрлық құжаттардың 39 түрі енгізілген. Олар қағаз түрлерін толықтай алмастыра алады. Өткен жылдың 5 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттап, цифрландыру мен жасанды интеллектіні елімізде енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін екенін айтқан болатын.
— Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 триллион доллардан 26 триллион долларға дейін пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша алады. Ал Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осындай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қалай боларын өмір көрсетеді. Біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек, — деген еді Президент. Айта кетейік, өткен жылғы Үкіметтің соңғы отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері заң жобалау жұмыстарының 2026 жылға арналған жоспарының жобасын мақұлдады. Көтерілген негізгі мәселе бойынша баяндама жасаған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, 2026 жылға арналған заң жобалары жоспарының жобасы мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша дайындалып, өткен жылғы 31 қазанда Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда мақұлданды. Жоба 12 заң жобасын әзірлеуді көздейді. Оның үшеуі Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындайды. Президент тапсырмасына сәйкес, мынадай заң жобалары әзірленеді: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әзірленген түзетулер. — Жоғарыда көрсетілген заң жобаларынан басқа, жоспармен Парламентке «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы», «Тұрғынжайды табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы», «Жұмылдыру туралы» және оған ілеспе заң жобалары, жыл сайынғы «2027 — 2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», сондай-ақ еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері, міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша дербес заң жобаларын енгізу көзделген. Жалпы Парламентке бірінші жартыжылдықта 5 заң жобасын, екінші жартыжылдықта 7 заң жобасын енгізу жоспарлануда, — деді Ерлан Сәрсембаев.
Осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың бірінші басшылары заң жобалау жұмыстары жоспарының уақтылы іске асырылуын тікелей бақылауда ұстауға тиістігін баса айтты. - Сонымен қатар белгіленген мерзімдердің сақталуына қатысты мәселелер де бар. Мысалы, денсаулық сақтау туралы заң жобасын Үкіметке енгізу мерзімінен 30 күнге кешіктірілді. Мұндайды доғару қажет, - деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ Үкімет басшысы заң жобаларын келісу барысында басы артық бюрократиядан арылу қажеттігін ескертті.
- Келесі жылы барлығы 12 заң жобасын әзірлеу көзделген. Осыған байланысты мына мәселелерге назар аудару қажет. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары әрбір заң жобасының сапалы әзірленуін және олардың Мәжіліске уақтылы енгізілуін қатаң бақылауда ұстасын, - деді ол. Мұнан бөлек, отырыста Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-Д'Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына спортшыларымыздың дайындығы жөнінде баяндады. 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға қалай билет сатып алуға болады Оның дерегінше, ұлттық команда спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынасады. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.
— Болжамға сәйкес, ұлттық команданың құрамында 35-ке жуық спортшы болады деп күтілуде. 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын 34 спортшы қорғаған. Қазір Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар, спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды, — деді министр.
Конькимен жүгіруден қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрамасынан кімдер қатысады
Ойындарға сапалы дайындық мақсатында ұлттық командалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, спортшыларымыз 125 халықаралық жарыстарға қатысты. Қаржыландырудың жалпы сомасы 13,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде федерациялар қаражатынан – 585 миллион теңге, республикалық бюджеттен – 5,3 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 6,2 миллиард теңге, Туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан 1,2 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық командалардың бас бапкерлері анықталды. Германия, Нидерланды, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бойынша 13 шетелдік ТОП-деңгейдегі жаттықтырушы-кеңесші жұмылдырылды. Ал XIV қысқы Паралимпиада ойындарына ұлттық команда 2 спорт түрінен – пара шаңғы жарысы мен пара биатлоннан қатысуды жоспарлап отыр. Бұл спорт түрлері бойынша 38 медаль жиынтығы сарапқа салынады. — Бүгінге дейін ұлттық команданың 7 спортшысы 10 лицензия жеңіп алды. Олардың қатарында парабиатлоннан әлем кубогының жалпы есепте жеңімпазы атанған тұңғыш қазақстандық және Хрусталь глобустың иегері Ербол Хамитов, 2022 жылы Бейжіңде өткен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Герлиц бар, – деді Ербол Мырзабосынов. Осы ретте Премьер-Министр байрақты бәсекенің басталуына санаулы күндер қалғанын, барлық дайындық шаралары толық көлемде аяқталуы қажет екенін айтты. Сондай-ақ тиісті министрліктерге мынадай нақты тапсырмалар жүктеді:
Бірінші - Туризм және спорт министрлігі Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етуі тиіс.
Түпкілікті құрамдарды қалыптастыру, логистика, керекті жабдықтар, медициналық қолдау және ұйымдастыру мәселелерін тез арада реттеу қажет. Ешқандай көзбояушылық болмауы керек. Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс.
Екінші - бюджет қаражатын тиімді пайдалануға баса мән беру қажет. Келешегі бар спортшыларға көрсетілетін қолдау шаралары нақты әрі ашық болуға тиіс. Бұған министрліктердің, федерациялар мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың басшылары тікелей жауапты болады. Сондай-ақ кәсіпқой спортты дамытуға бюджеттен тыс қаражат тартуға күш салу керек.
Үшінші - Туризм және спорт министрлігі Ұлттық паралимпиада комитетімен бірлесіп, Ұлттық команданың қысқы паралимпиада ойындарына дайындық жұмыстарын күшейтуі қажет.
Төртінші - Туризм және спорт министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге тиісті ақпараттық қолдау көрсетіп, қазақстандық спортшылардың Олимпиада ойындарындағы жарыстарының телевизиялық трансляциясын қамтамасыз етуі керек.
Бесінші - ойындардың нәтижесі бойынша қол жеткізілген жетістіктердің әділ бағасын бере отырып, жан-жақты талдау жүргізу қажет. Сонымен бірге олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамыту туралы нақты ұсыныстар әзірлеу керек.
https://kaz.inform.kz/news/ukmet-tsifrlandiru-zhane-zhasandi-intellekt-salasin-damitu-maselesn-karaydi-46e7ee/


