Индер аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен 15 ақпан - Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай, аудан жастары арасында кіші аяқ топтан біріншілік өтті.
Айтулы шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин, Ауған соғысы ардагерлер Одағы Индер аудандық филиалының төрағасы Самат Айтимов сөз сөйлеп, ерен ерлік көрсеткен сарбаздардың есімі мен ерліктерін ұлықтау бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
Тартысты өткен турнирге аудан бойынша 8 команда қатысып, нәтижесінде Индер балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің командасы қарсылас шақ келтірмей, бірінші орынға ие болып, қаржылай байрақты қанжығаларына байлады. Ал екінші орынға Жарсуат балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің командасы ие болса, жарыстың қола жүлдесін "JAS BUYN" командасы жеңіп алды. Олар да қаржылай марапатталды.
Турнирде үздіктер де арнайы марапатқа ие болды. Жеңімпаз командалар мен үздіктер арнайы кубок, медальдармен марапатталды.
Айта кетейік аталған спорттық шараны өткізу үшін Ауған соғысы ардагерлерінің өздері қолдау көрсетті.
С.КӨШЕКОВ