Төребайұлына арналған турнир

Жақында облыстық мәслихат депутаты, жастар жанашыры Бопылдықов Асқар Төребайұлын еске алу мақсатында 2004-2005 жылы туған ұлдар арасында волейболдан аймақтық сайыс өтті.

Айта кетейік, Асқар Төребайұлы жоғары оқу орнында білім алған жылдары «Қазақстан студенттер альянсы», студенттік кәсіподақ, «Жасыл ел», студенттік құрылыс отрядтарында белсенді қызмет етті. Өмірінің соңына дейін «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы болды. Әрине, жастардың жанашыр жігітінің жарқын бейнесі жалынды жастардың мәңгілікке жадында.

Міне, осындай белсенді азаматқа арналған турнирді аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен, «Дендер» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Сайыстың ашылуы салтанатында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әсел Сарғойшина сайысқа қатысушыларға сәттілік тілесе, доданың бас төрешісі Болат Тастанов ойын ережесін түсіндірді.   

Тартысқа толы өткен доп додасына Батыс Қазақстан облысы Ақжайық, Тайпақ, Жанама ауданы, Атырау облысы, Махамбет ауданы, Ақтоғай ауылы және аудандық М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, Б.Нысанбаев, Қ.Абаханов, Жамбыл, Гребенщик, М.Сиранов, Махамбет орта мектебінің құрамалары қатысты. Негізінен барлық командалар жарысқа жақсы дайындықпен келіп, жеңіске деген құштарлықтарымен ерекшеленді. Осылайша ойын ережесі бойынша командалар бір-бірімен кездесіп болған соң, ұпай саны есептеліп, бағы жанғандар жүлделі орындар үшін бақ сынасты. 

Шешуші кезеңге шыққан командалар әдемі ойын өрнегін көрсетіп, бірінші орын үшін кездескен Ақжайық пен М.Сиранов құрамасының арасында біраз келіспеушіліктер орын алды. Дегенмен Ақжайық ойыншылар қарсыластарын әп дегенде үштікпен ұпай соғып қанжығаларын толтырды, сөйтіп, бірінші орынға көтерілді. Ал келесі орындар үшін шаршы алаңға шыққан М.Сиранов пен Махамбет ауданы арасындағы ойын да біршама тартысты болды. Жеңіске, яғни, екінші орынға Махамбет ауданы, үшіншіні М.Сиранов еншіледі. Сонымен қатар ерекше көзге түскен үздік ойыншы номинациясы бойынша Асылбек Төремұратов (Елтай), Бексұлтан Қуаныш (Махамбет), Нұрғиса Меңдіғали (Ақжайық) марапатталды.     

Әрбір кездесудің сәтті кезеңдерінде жанкүйерлердің жаңғырған дауыстары толастамай естіліп тұрды. Ол, әрине, жарыстың өте қызықты өткендігінде.

Д.АЙБАР.

Суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT