«Ал сүйінші! Индерлік палуан Азия чемпио-натының финалында! Финалға сәттілік тілейік!» деп, ең алдымен, аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов өткен жексенбіде жерлестерін фейсбук желісі арқылы елең еткізді.
Бұл Үндістанның Нью-Дели қаласында еркін күрестен жастар арасындағы Азия чемпионаты сарапқа салынып жатқан шақ еді.
Жерлесіміз Сырбаз Талғат - Аққала ауылының өрені. Ауылдағы еркін күрес бапкері Нәсіпқали Кәукеновтің шәкірті. Қазақстанның жасөспірімдер және жастар арасындағы чемпионы. Үндістандағы доданың 61 келісінде жерлесіміз финалға дейінгі бәсекеде жапондық палуанды 16:6, кілем иесі үндісті 8:6 есебімен алқынбай-ақ ұтып алды. Ал құрлық чемпионатының ақтық сайысында өзбек палуаны Аббос Рахмоновпен белдесті. Тартысты өткен сында 4:6 есебімен жеңіс, өкінішке орай қарсыластың пайдасына кетті. Бізге бұйырғаны Азия чемпионатының күміс жүлдесі.
Азия чемпионы танылған өзбек палуаны 2016 жылғы Рио Олимпиадасында белдескен, ересек жігіттер арасында әлемдік рейтингте жұлдызы жарқырап тұрған палуан.
Ия, финалда Сырбаз шәкіртіміздің аздап тәжірибесі де жетіспеді, сәттілік те жолдас болмады. Бірақ шәкіртіміздің белдесуіне ризамыз.
Алдағы қыркүйек айында Словакияда өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды. Ал оған дейін Ресейдің Осетия елінде мықты палуандармен бірге оқу-жаттығу жиындарын өткізеді, - деді Атырау облыстық еркін күрес бөлімінің бас бапкері Аслан Жаманбаевты сөзге тартқанымызда.
Жалпы Үндістандағы бұл чемпионатқа қазақ палуандарына алтын жүлде бұйырмады. Күміс жүлдені Сырбазбен бірге 97 келіде С.Бақытжанов иеленді.
Азия жүлдегері атанған Сырбаз Талғатты аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Бисенбаев бастаған индерлік жерлестері құрметпен қарсы алды.
С.БАЗАРБАЕВ.