Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында облыстық турнир қорытындыланды. Олар үстел теннисі, армрестлинг, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, суда жүзу, оқ ату, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы сынды спорттың 9 түрінен күш сынасты.
Атырау қаласындағы Абай атындағы оқушылар орталығында өткен сайыстың салтанатты шарасында облыс әкімі М.Досмұхамбетов, облыстық мәслихат депутаты Н.Ермұханов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мейірім құттықтау тілектерін арнады. Дүбірлі додадан индерлік ерекше спортшылар да олжалы оралды.
Оның толық нәтижесін аудандық мүгедектер спорт клубының жетекшісі Жасұлан Бисеновтен білдік. Тоғызқұмалақтан бөденелік Ерболат Жолдасқалиев чемпион атанса, үстел теннисінен Жасұлан Бисеновтің өзі өнер көрсетіп 2 орынды иемденді. Жеңіл атлетикадан Нұрлыбек Қабдрахманов (Бөдене) алтын жүлдені жеңіп алса, Райымбек Ничеяв (Есбол) пен Оқас Мейрамбек (Индербор) күміс жүлдегер атанды. Ал Бергенбай Нұрхан (Индербор) қола жүлдені қанағат тұтты.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен өткен ауқымды жарысты «Теңізшевройл» ЖШС демеушілік танытқан екен. Жарыстың сыйлықтары да қомақты. Жеңімпаздарға тоңазытқыш, ал 2-3 орын иеленген спортшыларға – ноутбук пен теледидар табыс етілді.
Саламат Б.