Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімі сондай-ақ аудандық жасөспірімдер, балалар және спорт мектебінің ұйымдастыруымен дзюдодан көршілес Қызылқоға және Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылының өрендерінің арасында шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Айтулы спорт бәсекесіне 2010-2012 және 2013-2014 жылдары өмірге келген ер балалармен қатар 2012-2013 жылдары туған қыздар барлығы 110 жасөспірім қатынасып шеберліктерімен бөлісе отырып өзара тәжірибе алмасты. Әрісі Жапония мемлекетінен бастау алатын осынау спорт түрінің ауданда кеңінен таралуының өзіндік себебі де бар. Өйткені осы спорт түрін ең алғаш өңірге әкелген Индер ауданының құрметті азаматы Асқар Бакенов екенін жерлестері жақсы біледі.
Осы шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған ардагер спортшы кейінгі ізбасарларына бос уақыттарын тиімді өткізулерімен қатар өз істерінің кәсіби шебері болуды мақсат тұтуға үндеді. Ал осынау спорт түрі бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Темірболат Тәшекенов, Ерлан Өтепов қатынасып өздерінің игі лебіздерін білдірді.
Барлығы 18 салмақ бойынша бақ сынаған жасөспірімдер арасында Индер ауданы жеңіс тұғырынан көрінсе, Тайпақ ауылынан келген мықтылар екінші орынды иемденді. Ал Қызылқоға ауданынан келген мықтылар жүлделі үшін орынға ие болды.
Айта кетейік Өрліктік өрендер де дендерліктердің жеңісін молайта түсті.
Жарыс соңында аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мәлік Биғамбаев, салалық бөлімнің бас маманы Нұржан Бисенбаев, ардагер спортшы Асқар Бакенов чемпиондарға арнайы медалдар мен дипломдарды табыс етті.
С.КӨШЕКОВ.