Ұлт руханиятын нығайтып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстардың рөлі зор. Жыл сайын есболдық ұлттық спорт жанашырлары мен кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен бәйге өткізу дәстүрге айналған. Биылғы жылы да осы үрдіс жалғасын тауып, халықаралық жастар күніне орай Бәйгетөбе алаңында дүбірлі дода өтті.
Есбол ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ерболат Сабиров жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тілеп, ардагер Өтеғұл Жалғасбаев шабандоздарға батасын берді.
Жиналған жұртшылық алдымен 6 шақырымды қамтитын тай жарысын тамашалады. Бұл сайыста шабандоз Ерқанат Нұрқанатұлының «Мұрагер» атты тұлпары (иесі әрі бапкері Абылай Смағұлов) топ бастап келді. Шабандоз Есмұрат Идаят тізгіндеген «Бекқасқа» (иесі әрі бапкері Жолдас Бахитов) екінші, шабандоз Ернұр Көпбергеннің «Сылқымжирені» (иесі Қайрат Өмірәлиев, бапкері Ернұр Көпберген) үшінші, ал ынтымақтық шабандоз Санжар Серіктің «Жебесі» (иесі Асхат Блялов, бапкері Санжар Серік) төртінші, шабандоз Райымбек Елубайдың «Найзағай» атты тұлпары (иесі әрі бапкері Дархан Қасанов) бесінші болып мәре сызығынан өтті.
Ал, 9 шақырымдық құнан бәйгеде айналаны шаңға бөктіріп, көптен қара үзіп шыққан шабандоз Ернұр Көпберген тізгіндеген «Береке» атты сәйгүлік (иесі әрі бапкері Есенжан Смағұлов) мәре сызығын бірінші болып кесті. Шабандоз Нұрдәулет Қайырбекұлының «Бақторысы» (иесі Қайрат Өмірәлиев, бапкері Азамат Өмірәлиев) екінші, Бекет Жолдас тізгіндеген «Еркеқыз» (иесі әрі бапкері Жолдас Бахитов) үшінші, шабандоз Райымбек Елубайдың «Димашторысы» (иесі әрі бапкері Дінмұханбет Тілекқабылов) төртінші болып жетті.
Жарыс бойы көпшілік қиқуға салып, әр айналым сайын шабандоздарға жігер беріп отырды.
– Былтыр 2024 жылдан бастап ұлттық спорт жанашырлары бәйгені қолға алып, тұрақты өткізіп келеді. Осы уақытқа дейін 5 бәйге өткізілді. Ауыл халқының қолдауы, қызығушылығы артып келеді. Ұлттық спортқа деген бұқараның, соның ішінде жастардың ынтасын және ерекше айта кеткен жөн. Атқа қонған жастардың саны артуда. Ұлттық құндылықты насихаттау, кейінгі ұрпаққа мирас қылу әр азаматтың парызы,- дейді ұйымдастырушылар атынан Ринат Сағдатұлы.
Осылайша құнан, тай бәйгеде арындаған жүйріктер, сол жүйріктерді тақымында толқытқан шабандоздар ұлттық өнердің дара жарысын тарту етті. Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түсетін бәйгеде тұлпарлардың тұяғы талмай жалғасын таба берсін демекпіз.
Бәйге соңы мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Ж.НАРИМАНОВА