Жарқын жобалар әлеуметтің әлеуеті үшін

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасы жарияланғаннан бері халық арасында кең талқыға түсуде. Әлеуметтік салаға тың серпін беретін жаңа бастамаларды халыққа насихаттау мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары Оспанов Берік Серікұлы мен Лондон Олимпиадасы мен Әлемнің екі дүркін чемпионы және Азия чемпионаты, құрлық ойындарының жеңімпазы, әлемде ең үздік боксшыларға ғана берілетін Вэл Баркер кубогінің иегері Сапиев Серік Жұманғалиұлы, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев  ауданымызда болып, халықпен кездесті. 

Дәрігер қат, жаңажабдық жөнделмейді...

 

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттары алдымен Индер аудандық орталық емханада болып, медициналық мекеменің қызметімен танысты.

 

Аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Зайтова аудандық емхана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылып, емделушілер үшін бар жағдай жасалып отырған жетістігімен қатар түрлі маман дәрігерлерінің жетіспеушілігі өзекті күйде екендігін көтерді. Ал орталық емхананың клиникалық-диогностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Самал Ермұханова  медициналық құрал-жабдықтарды жөндеуге  тендермен жеңіп келетін тиісті мамандардың өзі  ескілерін болмаса, жаңа заманауи жабдықтарға келгенде «тісі бата бермейтіндігін» назарға салды.

 

 

 

Жас боксшыларға шеберлік сағатын өткізді

 

Аудандық балалар спорт мектебіндегі кездесуде меймандар балғын спортшылардың өнерлеріне куә болды. Әсіресе, атақты боксшы Серік Сапиев индерлік жас боксшыларға шеберлік сағатын өткізді. Бокстың сан қилы әдіс-айласымен бірге  шапшаңдық пен шыдамдылықтың маңыздылығына назар аударды. Айта кетейік, 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Серік Сапиев қарсыластарына қарағанда көз ілеспес өте жылдам соққыларымен және соңғы раунд аяқталғанға дейін спорттық бабын жоғалтпайтын шыдамдылығымен ерекшеленетін. Кездесу барысында талайынан күшім басым түсті деп шіренген чемпионды көрмедім. Керісінше кішіпейіл де қарапайым, бокс бөліміндегі балғын боксшылардың бәрінің де көңілін қалдырмай қолтаңбасын берді, суретке түсті.

 

-Бүгінде елімізде тек қана бокс емес, спорттың барлық түрлері де қарқын алуда. Индерде де спорттың бірнеше түрі жақсы дамуда екен. Спортшы балалармен кездесіп қуанып қалдым, біз әр кезде жас боксшылардың шеберліктерін шыңдау үшін ақыл-кеңесімізді беріп, тәжірибемізді бөлісуден аянбаймыз, - деді атақты боксшы Серік Жұманғалиұлы.

 

 

 

Жаңа бастамалардан үміт мол

 

Аудан әкімшілігінде тұрғындармен өткен қорытынды  кездесуде  Мәжіліс депутаттары – аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Б.Оспанов пен әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі С.Сапиев, «Нұр Отан» партиясының облыстық ұйымының төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев Елбасы Н.Назарбаевтың жаңа әлеуметтік бастамалары қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайтуға,  халықтың әл-ауқатын жақсарта түсуге бағытталып  отырғанын атап өтіп, жан-жақты түсіндіріп өтті.

 

-Елбасы Н.Назарбаевтың 5 әлеуметтік мәселесін іске асыру бағытында нақты шаралар алынуда. Әсіресе, «7-20-25» үлгісіндегі бағдарламада бастапқы жарна мен несие мерзімі де қарапайым азаматтар үшін қолайлы деңгейде белгіленіп, пәтер алу процесі жүйеленіп отыр.  Қазір бұл бағдарламаның нәтижесін көргеннен кейін сенім артылып, қызығушылық білдіріп отырған тұрғындар саны  көбеюде.

 

Бүгінде жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де өткір еді. Осыған орай  Елбасы Үкіметке 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақханалар салуды тапсырды. Оған тиісті қаржы қарастырылып отыр.  Яғни алдағы уақытта студенттерді жатақханамен қамту толық жүзеге асады. Бұл дегеніңіз білім қуып, ауылдан қалаға келетін жастар үшін үлкен жақсылық,-деді Мәжіліс депутаты Берік Оспанов.

 

Мәжіліс депутаты - әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Серік Сапиев та көптің көкейіндегі мәселелерді  Парламент қабырғасында көтеретіндігін қаперге берді.

 

 

 

Несие қайтаруға кеңшілік жасалса

 

Индерліктер арасынан аудандық мәслихат депутаттары мен басқа да тұрғындар   сауалдарын қойып, пікірлерін білдірді. Мысалы, мәслихат депутаты, «Нүрет» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Ильясов ауылшаруашылығына байланысты несиелендіру жайын қозғады.

 

- Атырау өңірінің ерекшелігі, егіні мен мал шаруашылығы да бірден пайдасын бере қоймайды. Ісін жаңа бастаған шаруашылықтар жеңілдікпен несиесін алғанымен оны бірден төлей бастауына тура келетіндіктен қиналып қалады. Нәтижесінде  шаруашылығын жөнге келтіре алмай, несие төлеумен ғана ілдәлайды. Сондықтан да шаруашылығын айналдырып кеткенше алғашқы 2-3 жылға несиеден босатуға мүмкіндік жасалса, - деді ол.

 

Аудандық мәслихат депутаты Жанай Амантурлин  Парламент шығарған заңдардың орындалысы  маңызды екендігін көтерді.

 

- Мысалы, «Қуыршақ туралы» заң болғанымен оның тиісті  талаптары орындала бермейді. Қарапайым көрінгенімен шетелден келетін ойыншықтардың бүлдіршіндер ағзасына  қауіптілігі зор. Ұлттық ойыншықтарға басымдылық берілсе деген ойымен бөлісті.

 

Ардагер спортшы  Алтыбай Ермұханов  аудан орталығының өзінде талапқа сай келетін бірде-бір стадион жоғын атап өтті. Зейнеткер Самиғолла Ғалымның           сауалы банкке қатысты өрбіді.

 

-Жоғары білімді маман болып, бірқатар лауазымды қызметтерді атқарсам да осы күнге дейін банктердің жасаған келісімдерін түсіну қиындық тудырады. Тек пайдаға ғана жұмыс істейтін банктерді   қадағалайтын мемлекеттік орган бар ма? -деді ол.

 

 Зейнеткер Сағындық Құрманқұлов тегін берілетін дәріні бірде-бір рет пайдаланып көрмегенін, жалпы тегін берілетін дәрі-дәрмектер жайын көтерсе, зейнеткер Серікқали Жұқиев, жастар атынан Қайырлы Ғилманов, Әсел Сарғойшина,  тағы басқалары сауалдарын қойып пікірлерін білдірді. 

 

Кездесуді Индер ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Мұханбетқали Алдерзин қорытындылап, алыстан ат арытып келген халықтың қалаулыларына  алғысын білдіре келе, көпшіліктің алдында атақты боксшы С.Сапиевқа Алғыс хат тапсырып, ұлттық дәстүрге сай шапан кигізіп,  сәйгүлік мінгізді.

 

 

 

Саламат БАЗАРБАЕВ.

 

Суреттер автордікі.

 

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика