Біз жаңа әлемге жол саламыз

Жақында Астана қаласында «Жас Отан» жастар қанатының ІҮ съезі өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен жалындаған жастар жиналды. Осыған орай біз съезд делегаты ретінде аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, «Жас Отан» жастар қанатының аудандағы атқарушы хатшысы Әсел Сарғойшинамен әңгімелескен болатынбыз.

–Әсел Жұбанғалиқызы, еліміздің белсенді жастарын біріктірген съездің маңыздылығын атап өтсеңіз?

–Елорда төрінде өткен съездің маңыздылығы орасан зор. Негізгі мақсаты – жастар саясатының ең өзекті мәселелерін талқылау, ортақ шешімге келу. «Жаңа әлемге жол саламыз» ұранымен ұйымдастырылған сьезге әр облыстан 600-ге жуық делегат, 1000-нан астам студент, ерікті жастар қатынасты. Ал біздің ауданнан бұл съезге өзіммен бірге М.Әуезов атындағы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Бексұлтанова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кеңесші маманы Нұрбол Ерғалиев қатынасты. Съездің бірінші күні   латын қаріптеріне орай қатынасушылар «Қазақстанда жасалған»,    «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Салауатты ұлт», «Білім және инновация» сессиялары бойынша бірнеше топтарға бөлініп жұмыс жасады.  Бұл шараны Қазақстаннан-22607, Ресейден-6078, Германиядан-1642, АҚШ-тан-2822, Канадан-809, Оңтүстік Кореядан-2096, Малайзиядан-1656, басқа елдерден-2371 адам көрген. Сонымен қатар съезде «Жас Отан» жастар қанатының орталық кеңесінің жаңа құрамы бекітіліп, оған Атырау облысынан «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Ринат Гилажев пен «NGOG» компаниясының маманы Ілияс Қонысбаев орталық кеңеске мүше болып сайланды. Жиынның келесі күні гала форуммен жалғасын тауып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға арнаған Құттықтау хатын  оқыды. 

–Съездің гала форумында жастар кезек-кезегімен сөз алып, өз бастамаларын ұсынды. Қай жас сізге қандай әсерімен есте қалды?

Гала форумда сөз алған әр саланың үздіктері, жастарға мотивация мен сенім беретін спикерлердің әрқайсысы өзінше бөлек. Соның ішінде маған ерекше әсер еткені параолимпиаданың қола жүлдегері, 2011 жылы қос аяғынан бірдей айырылса да, өзіне деген сенімінен айырылмаған «100 жаңа есім» жобасына қатынасушы  Серік    Исмахатовтың: «Көшбасшылық – шара ұйымдастыру немесе бір жерде жақсы сөз сөйлеу емес, көшбасшылық еліңе, айналаңа пайдаңды тигізу» деген сөзі ерекше әсер қалдырып, сол мезетте барлық делегаттар орындарынан тік тұрып, қолдау білдірді. Сол жерде  осынау қаршадай жалындаған жас жігіттің қайтпас қайсарлығына, төзімділігіне тәнті болып, көз жасымды тия алмадым. Өзімнің замандастарыма, достарыма, келешек ұрпаққа осындай жастардың ақылдылығы мен дарындылығын тіледім. Облыс жастары атынан сөз сөйлеген Берік Уап Елбасы маңдайына Қашаған кенінің мұнайын жағуы да өз жолын айқындап беруге септігі тигенін, бала кезіндегі асқақ арманы шындыққа айналып, мұнай саласының білікті маманы атанғанын баяндап, Лондон қаласындағы Манчестер университетін тамамдап, туған жерінде Қашаған кен орнында қызмет атқаратынын мақтан тұтты.

– Елбасының құттықтау хатын тыңдаған жиынға қатысу екінің біріне бұйыра бермейді. Қандай әсер алдыңыз?

- Жастар форумында Елбасының құттықтауын тыңдау жастарға жалынды жігер берді. Бұлай деп айтуға үлкен себеп бар. Елбасының ел игілігіне жасап жатқан еңбегі ерен. Мұны біздер күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып та, көріп те жүрміз. Елбасының осынау жастарға арналған құттықтауын есту – үлкен мәртебе.  Ендігі Елбасы артқан сенімді қазақстандық жастар әрқашан ақтайды деп ойлаймын.

- Астана Сізге қандай көңіл-күй сыйлады?

- Тамаша ғой. Әрине, ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем Астана – жаңа ғасыр ғажабынан жаралған жас қалаға айналды. Айбары асқақтаған, келбеті келіскен Елорданың елдің бас шаһары болғанына биыл  – 20 жыл. Елордамыз Ақмолаға көшкеннен кейін жас мемлекеттің астанасы қарқынды дамып, 20 жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, әсем қала барша әлем жұрты таңдана, тамсана қарайтындай дәрежеге жетті. Қарасаң көз тоймайтын Астана жылдан-жылға сәніне сән, сәулетіне сәулет қосып келеді. Әлемдегі ірі мемлекет басшылары келелі кеңес құрып, ой бөлісер ордаға айналған бас қала баршамыздың ортақ мақтанышымыз.

Асқақтай  бер, көркейе бер, қазақтың Астанасы!

- Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан:

Д.ҚАБИ.

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика