Тағдырлы талант немесе домбырашы Жұмақыз

Өткен жолы аудан мәдениеті мен өнерінде өшпес ізін қалдырған тұлға, мәдениет майталманы Бегәлі Бозаев туралы ғалым, жазушы Қабиболла Сыдиқұлының эссе-мақаласын жариялаған болатынбыз.

Осында автордың жерлесіміз «Жұмақыз домбырашы» туралы жазып, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде 1964 жылы 5 қаңтарда жарияланған мақаласын оқырмандарымызға ұсынып, оны  кейін анықталған бірқатар деректермен толықтырмақ ойдамыз.

Халық ішінде талай бармақтарынан бал тамған күйші, бұлбұл көмей әнші-қыз келіншектер болған. Біздің дәуірімізге жеткен сондай өнерпаз аналардың бірі-домбырашы Жұмақыз әжей.

1964 жыл. Маусым. Орал тауларының омырауынан құлап,байтақ далаға созылып жатқан Ақ Жайықтың Аққала ауылындағы Жұмақыз әжейді әдейі іздеп бардық. Орта бойлы, қараторы кісі. Үстінде қара мақпал кәжекей, басында шатырлай ақ жаулық. Ақжарқын, күлдіргі, тура сөйлейтін адам екен.

Жөн сұрасқаннан кейін үй қабырғасында сүйеулі тұрған кішкентай қара домбырасын қолына алды. Әуелі Құрманғазының «Терісқақпай», «Қайран шешем», «Сарыарқа», одан кейін халық күйі «Науаи», Динаның «Ақжелең», Жантөренің «Шалқыма» күйлерін тартты.

Динаның «Ақжелеңді» орындарда домбырашы сәл қабақ шытып, ойға шомғандай, алыс жылдарды еске алғандай рең танытты:

- Бұл күйді Дина жеңгемнің өзінен үйреніп едім,-деді.

- Бұл кісі  орыс күйлерін де шалқытады,-деп қойды Жұмақыздың жұбайы Жаймақ қарт. Жұмақыз орыс халқының бір би сазын құйқылжытып өтті.

Ол тек орындаушы ғана емес, өзі де күй шығарады екен.

- Енді өз күйлерімді тартайын,-деді ол. Етті, қысқа саусақтары домбыра сағағында ерсілі-қарсылы еркін жүгіріп, қол қағысын ерекше құбылтып шалқытып отыр. Аяң жорғалы ат үстінде келе жатқандай теңселе, тебірене тартады.

- «Жалғыздық» дейтін күй.

Күйді орындап болысымен, ойға шомып, оның шығу тарихын баяндады.

-1899 жылы Нарын құмында Айтбай-Бесқасқа деген жерде туыппын. Әкем Әділәлі домбырашы кісі екен. Әке жүзін көре алмай, жасқа жетпей жетім қалыппын. Жоқшылық зардабын тарқан күйім еді.

Жұмақыз «Бозтөбе» күйін жоқтық, жетімдік салдарынан ата жайлауы Нарын құмының Бозтөбе мекенін тастап, Астрахан қолтығына қоныс аударарда шығарыпты.

- Ал «Майжұма» күйі туралы айтсаңыз,-дейміз.

- Жастайымнан жетімдік пен жоқтықты көп көрдім, бірақ денім сау, тірі жүргесін бәрі майжұма дегенім еді.

Жұмақыз – халық композиторы әрі орындаушы екен. Ол орындаған күйлердің өнебойынан сазды, назды, мұңды, сырлы халық әндерінің әуен үні айқын сезіледі. Ол заңды да. Себебі домбырашы ананың нәр алған мектебі-халық өнері.

- Домбыраны жастайымнан тарттым,-дейді ол,-әкем өлгенде бір туысымыз әкемнің домбырасын «аға мұрасы» деп сұрай келіпті. Бала кезім. Домбыраны көлденең салып, үстіне жылап жата қалыппын.

- Жылатпайын. Қарындасыма әке өнері қонар,-депті ол.

Жұмақыз әке дидарын көрмей қалса да, оның жүрек сырын ақтарып, өнерін паш еткен қара домбырасымен халық күйлерін орындап, әке жолын қуады, домбырашы болады. Бірақ Жұмақыз өнеріне әр кез жоқтық, жалғыздық өмір тосқауыл жасап бағады.

- Дина көре қалған жеңгеміз еді,-дейді Жұмақыз, - мен Беріштің ішінде Айтбай-Бесқасқаның қызымын. Дина осы ауылдың Нұрпейісінің келіні. Әуелгі күйеуі өлгеннен кейін жалғыз қайын інісі Шәпекпен отасқан. Дина көп ұл ішіндегі жалғыз қыз екен. Домбыраны жастайынан тартқан.

Қолы жетпеген ауыл жігіттері:

- Шаруаға қыры жоқ, өнерпаз қызды не істейміз,-деп қалжыңдайды екен. Сүйтіп жүргенде Нұрпейіс Динаны баласына алып береді. Ақылды, мейірбанды ата домбырашы келінге ерекше ілтипатпен қараған. Дина мен баласын Нұрпейіс тарантасқа мінгізіп, жиын-тойдан қалдырмаған. Біздің үйге келгенде үнемі күй тартатын. Мен самаурын қоюға шығып кетсем:

- Шай қайда кетер дейсің, қайын ағаның домбырасын үнсіз қойма, күй тарт, - дейтін.

Марқұм Дина жеңгемізге кездесуім есімнен кетпейді. 1929 жылдар жалғыз қалып, Астрахан қолтығындағы Шүрегей-шүрке балық батағасына (кәсіпшілік-Қ.С.) бара жатып Динаның үйіне бардым. Қасымда анам бар еді. Сонда Дина марқұм:

-Сенің неге еңсең түсіп кеткен, қайнағаның домбырасын неге серік етпедің, мен жесір қалғанда, жетім балаларымды осы ағашпен асырадым, әлі асырап келем. Жүр менімен бірге бол, өнер өлтірмейді,-деді. Мен анамнан қала алмадым. Соны сезіп:

-Туысқаныңнан айырылмай-ақ қой. Күн көрерсің, бірақ өнеріңді тастама, - деп жұбатты.

Жұмақыз осыны айтып, сонда Динаға ермей қалғандығына, жоқтық тауқыметінен оқи алмағандығын армандай әңгімеледі.

Бірақ Жұмақыз домбырашылық өнерден бір сәт те қол үзбеген. Жеделдес жеңгесі Дина айтқандай, қиындық сәттердің өзінде де домбырасын серік еткен, өнерімен халыққа қызмет көрсеткен.

Жұмақыз 1935 жылдан 1960 жылға дейін аудан өнерпаздарымен бірге өнерін елге сыйлап келген домбырашы. Отан соғысының қаһарлы күндерінде бастары жастыққа тимей еңбек өрендерін өнерімен еңбекке үндегендердің бірі осы Жұмақыз.

 Ол жұбайы Жаймақтың қасында, ұлы Қабденнің төрінде отырып, немерелерінің ортасында күй шалқытқан бір қауым елдің қадірменді адамы, көненің көзі еді. Өмірі ғибратқа толы халық өнерпазы Жұмақыз жастарға мол тағылым тарта білген адам.

Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ,

ғалым-жазушы.

Алматы қаласы.

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика