Әлемі әсем Әлия туған жеріне тарту жасады

Өткен аптада жерлесіміз, «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын Әлия Дәулетбаеваның «Біз – Дендерденбіз!» атты шығармашылық жыр кеші өтті.

Әсем әуенмен көмкерілген кеш ақын қыздың өткен ғасырға оралып, Төле бимен жолығып, көңіліндегі арызын айтқан көрінісінен басталды. Одан әрмен қиындығы мен қызығы, шабыты мен шырғалаңы қатар жүрген өмір жолы парақталған бейнекөрініспен толысты. Онда «ақын» деген ұлы жолға түсуге қол ұшын созып, талантын ерте таныған «Поэзия патшайымы» атанған Фариза апасы үнемі қолдау білдіріп, назарынан тыс қалдырмағаны баяндалса, анасы Зылиха Шаханова мен елге елеулі ақын аға-әпкелерінің естеліктері көрсетілді.

Кеште сөз алған аудан әкімі Серік Арыстан:

- Құрметті жырсүйер, өнерсүйер көрермендер!  Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты үлкен бағдарламалық мақаласында  «Ұлыларымызды, туған жерден түлеп ұшқан ұл-қыздарымызды ескеруіміз, олардың қасиеттерін, еңбектерін мынау замандастарымызға, кейінгі толқын іні-қарындастарға жеткізіп, елге-жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру керек» деген еді. Биылғы жыл біздің еліміз, ауданымыз үшін ерекше, атаулы жылдардың бірі, соған орай арнайы жоспар құрылып, Әлия Бекежан-қызының шығармашылық кеші енгізілді, - дей келе, барлық ақындарға қаламдарың ұштала берсін деген тілегін айтып, ақын мен оның анасына аудан және өзі түлеп ұшқан ауыл атынан гүл шоқтарын сыйға тартты.

Осы шараға арнайы келген жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қойшұғыл Жылқышиев Әлия қарындасы баршаға талантымен танылғанын, енді оның шығармашылығы басқа тілдерге аударылып, шетелдерге танылса деген тілегін жеткізіп, Махамбет пен Исатайдың ескерткішін сыйға тартып, сиясы кеппеген өлеңін оқып берді. Ақынға демеу болып келген атыраулық жан құрбысы Бақтыгүл Бабаш пен шәкірттері, аққалалық Камал Ізімов жүрекжарды тілектерін жаһұт жырларымен жеткізді.

«Әлияның ақындық қуаты өте мол, кейде мен қиналып қалған кездер болады,  ол әртүрлі тақырыпты кез келген уақытта әп-әдемі қылып шығара салады» деп Бақтыгүл Бабаш айтқандай, ол өзінің рухты, патриоттық өлеңдерімен қоса, тағдыр, сезім, махаббат жайында да көп толғады. Ақынның «Сол бір сәуле», «Жан дауыс» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Осы шарада сонымен қатар ақынның өнердегі апасына арнап «Фариза жұлдыздары» атты ақындар клубы құрылып, онда 30 шақты жастар бас қосқандығы да айтылмай қалмады.

Көптің көңілінен шыққан шығармашылық кеште қазақ боп туылғалы, өлеңмен ауырғалы Әлияның жалғыз ғана музасы - Махамбет басына ұлын ертіп барған көріністе батырға арнаған өлеңін ақын рөлін сомдаған мәдени қызметкер А.Кенжахметованың оқуы да әсерлі шығып, жүректі тебірентті. 

Әсем шараны  С.Қабдолов «Мен – қазақпын», А.Нығметова «Жібек сезім», М.Жұмашев «Махаббат елі» әндермен әрлендіре түссе, ақын сөзіне жазылғын бірнеше әннің бірі  «Кім білерді» әншілер А.Нығметова мен Ә.Беріковтің орындауы ерекше әсер қалдырды.

Шара соңында Әлия Бекежанқызы «ақыным» деп алақанына    салып, осындай шығармашылық кеш ұйымдастырып отырған аудан әкімшілігі мен ауылдастарына ақ алғысын жеткізіп, халқының ерке қызы өз шумақтарынан жауһардай жыр төкті.

Қ.Абаханов атындағы орта мектеп директоры Мағиса Ибрашева: - Киелі поэзия әлемінде өзіндік үні, өзіндік сыры, өзіндік бояуы мен ажары бар, отты да, өжет өлеңдерімен оқырман қауымды елең еткізіп, жырымен тербеп жүрген есімі танымал дарынды ақын Әлияның кеші өте тамаша өтті. Осындай дарынды қыздың Өрлікте дүниеге келуі, ұстаздық пен аналықты, ақындықты қатар алып жүргені үшін біз мақтанамыз. Оқырманға тарту етер асыл жырлары көп болсын  дейміз! - деді.

Осылайша туған жеріне тарту жасаған Әлия ақынның кеші көрерменнің көңілін мың серпілтіп тастады.

Ақмарал ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика