"Бір өзі бір халықтың заманы еді..."

Атыраудағы атағы республикадан асып, әлемге тараған Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық театрының өнерлі ұжымы өзінің 80 жылдығын атап өтуі қарсаңында Индер ауданында болды.

Дәлірек айтқанда, сонау 1979 жылы дауылпаз ақын Махамбет есімін алып, үзбестен ерен жетістіктер еншілеп келе жатқан ұжым толық құрамымен ауданға гастрольдік сапармен емес, қазақи дәстүр жолымен Жарсуат округіне қарасты  Қазақстанның "Киелі жерлер картасына" енген «Қарой» жазығында болып, батыр-ақынның ұлы рухына тағзым етіп,  құрбандық шалуды ұйғарған екен.

- Биыл біздің өнер ұжымы үшін елеулі даталарға толы жыл. Сонымен бірге жаңа маусымды да ашқалы отырмыз. Сондықтан да үнемі жаңарып-жасарып, өсу жолындағы театр ұжымының қолдаушысы болып келе жатқан Махамбет баба рухына біз қарыздармыз.

Біз оны әр уақыт сезінеміз де. Махамбет батырдың асқақ рухы мен ерен ерлігі бізді ұдайы жігерлендіріп, тың табыстарға бастап келеді. Осы бір өзімізге  қуат беретін қасиетті тұлға Махамбет рухына тағзым етсек деген ой көптен бері бізді мазалап жүр еді.

Сол мақсатты алдағы құрбан айт мейрамы қарсаңында іске асыру сәті түсіп, жолға шыққанбыз. Арманда өткен абзал ақын қасиетті қаны сіңген топыраққа тағзым етіп, рухына бас ию біз үшін қашанда биік те қасиетті парыз. Оның үстіне ақын шығармашылығына ұдайы біз қайта оралып, үнемі жаңа туындысын сахналап келеміз.

Осы жолы да театрдың бас режиссері Мұқан Томанов жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Қарой» хикаяты негізінде «Қощ бол, Қарой» атты қойылымды сахналамақ жоспары бар. Бұл сапар бір жағынан сол қойылымда рөлдерді сомдайтын әртістерімізді де жігерлендіріп, қуаттануына Қаройдың қасиетті рухы көмектеседі деген ойдамын, - деген ұжым басшысы Берік Жәменовке біз де сәттіліктің әрқашан серік болуына тілек қостық.

Бұл ұжым сонау 1995 жылы мазар ашыларда Қ.Мырза-Әлінің «Жаралы жолбарыс» драмасынан үзінді қойып, жан-жақтан жиналған барша жұрт пен осы істі тындырған индерліктердің ақ алғысына бөленгенін де ұмытпай ризашылықпен еске алуымыз керек.

Облыстық театр ұжымының осы жолғы «Қаройға» сапарын құп алып, қоштаған аудан басшылығы атынан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева бастаған индерліктер Жарсуаттан ақ дәммен қарсы алып, екі автобус пен бірнеше көлікке бөліне отырғандарды қасиеттіорынға бастады.

Театрдың байырғы мүшесі, сахна саңлағы, танымал режиссер, қазына кеудеЧапай Зұлқаш бастаған аға буын өкілдері мен жастардан құралған ұжымның арасында, шынында да дауылпаз ақын Махамбеттің қасиетті қаны тамған «Қарой» жазығында болмағандары баршылық болып шықты.

Сондықтан да олар қасиетті орынға келген соң құран-сүрелерін оқыған Жарсуат ауыл имамы Құраш Рыспаевтың дұғасынан соң беттерін сипап, мазармен танысты. Батыр баба туралы сыр тиегін ағытқан облыстық мұражайдың осындағы қорығы басшысы Сәрсенбай Дәуітбаевтың әңгімесіне ынтыға құлақ түрді.

Ақын қаза тапты деген жерге қойылған ескерткіш тас жанында тұрып, дауылпаз ақынның өршіл рухын, қазақ тарихы мен мәдениетіндегі орнын жастарға танытуда өнер майталманы Ч.Зұлқаш ерекше жігермен оқыған:

Найзасы жалаулаған батыр еді,

Лебізі алаулаған ақын еді.

Адамның екі аяқты пендесінен,

Аспанның сұңқарына жақын еді.

Адамның адамының адамы еді,

Бір өзі бір халықтың заманы еді,-деген шешен сөздің  хас шебері Әбіш Кекілбайдың ойын қайталағаны оларға ерекше әсер етті.

Жастар да ағадан бұл шумақты бірнеше рет қайталап айтып беруді сұрап, жігерлерін жаныды. Шіркін, жастық-ай! Бір топ жастар «Қарой» жазығына аунап шабыттарын шар қайраққа қайрап жатқандай әсер қалдырды.

- Махамбет батырдың басын алған соң қанішерлер оны Индер қалашығына іліп қойыпты деген сөзді естідім, сол рас па?-деген  режиссер Мұқан Томановтың сауалына сол арада ешкім де жауап қатпады.

Негізі Өтеміс балаларының арасынан дүрбелеңге ілеспеген Бекмағамбет көтеріліс әбден басылып, жанышталып болған соң қуғындағы бауырларының бала-шағасын қасына алуға рұсат сұрай барғанда Жәңгір хан оған: «Барлық туысқандарыңның отбасыларын жинап ал, оларды қатарға қос.

Бірақ  атақ Исатайдікі болды, қол Махамбеттікі болды. Сондықтан да екеуінің қара басына ешқандай кешірім жоқ» деген ел арасында аңыз барлығы белгілі.

Оны Ә.Кекілбай өзінің «Шандоз» атты еңбегінде де келтірген ғой. Сайып келгенде, Исатай-Махамбет көтерілісінің бұдан да басқа ашылмаған құпиялары әлі аз емес. Оған тек уақыт керек.

Махамбет батыр басына құрбан шалып, қаза тапқан жерге, Малайсары би басына дұға еткен атыраулық театр әртістері одан соң Жарсуаттағы Махамбет атындағы орта мектеп жанындағы шағын мұражайда жинақталған жәдігерлермен де танысуға уақыт тапты. Мұражай қызметкері Аймекен Осихина айтқан дауылпаз ақын туралы  тың деректерге құлақ тосты.

Сөйтіп, қасиетті құрбан айт мейрамы қарсаңында қасиетті «Қаройға» дұға етіп, құрбан шалған бұл сапар  Махамбет атындағы академиялық драма театр әртістерінің бойына  ұмытылмас әсер мен тың жігер, соны күш сыйлады деген ойдамыз.

Сіздерді қашанда дауылпаз ақын Махамбет рухы қолдай жүрсін, қадірлі атыраулық өнер өрендері.

С.ХАЛЫҚОВ.

Жарсуат округі.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT