«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның 80 жылдық мерейтойы аясында APEC Training Center білім орталығында «AMOZIUM» интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды.
Эрудиттер сайысына «АМӨЗ» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ, Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. («KPI» ЖШС) және «Силлено» ЖШС мамандарынан құралған тоғыз команда қатысты. Зияткерлік сайыс тест тапсырмалары, үш әріпті сұрақтар, логикалық сұрақтар, тақырыптық бөлім, медиасұрақтар және тәуекел секілді алты кезеңнен тұрды.
Қазақстан мен әлемдік мұнай тақырыбына арналған алғашқы кезеңде қатысушылар география, тарих және қара алтын өнеркәсібінің даму кезеңдері бойынша жан-жақты білімдерін көрсетті. Тақырыптық бөлімде қазақ халқының мәдениеті, дәстүрі мен тұрмысына қатысты сұрақтар қойылып, ойынға ұлттық реңк берді.
Ал медиатур барысында командалар көрнекті тұлғалардың дауыстары мен елдерді анықтап, танымал әндердің мәтінін жалғастырып жарысты. Ойынның жүргізушісі, «Қазақша Quiz 1000» жобасының авторы Нұрлан Азаматов қатысушылардың жоғары дайындығын және достық атмосфераны ерекше атап өтті.
«Қатысушылар өздеріне қойылған 34 сұрақтың барлығына жауап берді — бұл сирек кездесетін жағдай. Командалардың дайындық деңгейі жоғары болғандықтан, сайыс соңына дейін тартысты өтті. Кейбір ұжымдарда өзге ұлт өкілдерінің болғаны қуантты. Бастапқыда қазақ тіліндегі сұрақтар олар үшін қиындық туғызуы мүмкін деп ойлаған едім, алайда әріптестері менің айтқандарымды шапшаң аударып, тілдік кедергі мүлде байқалмады. Мұндай ойындардағы басты мақсат — тек жарыс пен жеңіс емес, сонымен қатар білім алмасу, таным көкжиегін кеңейту және ұйымшылдық рухын нығайту. Бұл тұрғыда қатысушылар өздерін тек жақсы қырынан көрсетті. Іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған», — деді ол.
Қатысушылар сұрақтардың сан түрлі салаларды қамтығанын айтып, ойын барысында кәсіби білімдерін шыңдап қана қоймай, жаңа мәліметтермен танысуға мүмкіндік алғандарын жеткізді.
«Біз интеллектуалдық ойындарға жиі қатысамыз, сондықтан бұл жолы арнайы дайындық болған жоқ. Ойын өте қызықты өтті. Әсіресе, уақыт белдеуі туралы сұрақ есімде қалды. Барлық интеллектуалдық күшімізді жұмсап, командалық жұмыстың арқасында дұрыс жауапты таптық. Бұдан бөлек соңғы геосаяси оқиғалар мен олардың әлемдік мұнай тасымалына әсері туралы сұрақтар да қызықты болды», — деді «ПКиС» командасының белді ойыншысы, мұнай коксын қыздыру қондырғысының аға операторы Мәлік Макашев.
Тартысты өткен білім додасының нәтижесінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Premium командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды — «Силлено» компаниясының «Гранулы» командасы, ал үшінші орынды — «АМӨЗ» ЖШС атынан сайысқа түскен «Кокс және күкірт өндірісі» командасы иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы, ал қалған қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. «AMOZIUM» интеллектуалдық ойыны білім мен жағымды эмоциялар алмасудың маңызды алаңы ғана емес, сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтудың және корпоративтік коммуникацияларды дамытудың тиімді құралына айналды.
«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі