Ақтөбеде Көрісу күні кең көлемде тойланды

Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында 14 наурыз — Көрісу күніне арналған мерекелік шара өтті. 

Оған облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет,«Amanat» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов, зиялы қауым өкілдері, депутаттар мен мемлекеттік мекеме басшылары, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты. 

Шарада алдымен облыс әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, жұртшылықты мерекемен құттықтады.

«Баршаңызды Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көрісу күні – қазақ халқының ертеден келе жатқан салт-дәстүрі және елдің ырыс-ынтымағын арттыратын айырықша мереке.  Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында тойланатын Амал мерекесінің халқымыз үшін орны бөлек. Бүгінгі Амал мерекесі республика көлемінде тойланып жатыр. Осынау мерекеде жастар үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипаттарын білдіруде, қариялар батасын беріп, үлгі көрсетуде. 

Өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымға толы бүгінгі мереке баршаңызға құтты болсын! Береке-бірлігіміз артып, дастарқанымыз аққа, ортамыз жанға толып, жыл сайын Наурыз мерекесіне аман-есен жете берейік», — деді А.Шахаров.

Салтанатты шарада «Көктем шуағы», «Торсық» әдеби-хореографиялық композициялары қойылып, шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынды. 

Сондай-ақ, театрландырылған көрініс қойылып, ақ жаулықты аналар отпен аластау рәсімін жасады. 

Мерекеде ақтөбеліктер құшақ жайып, көрісіп, бір-біріне ақ жарма тілектерін білдірді. Ақсақалдар батасын беріп, әжелер шашу шашты. Бұдан бөлек, алаңда қала жастары ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарысқа қатысты. 

Шара соңында көпшілік киіз үйлерге кіріп, дәмнен ауыз тиді. Қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме-жәрмеңкені тамашалады.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521