Жыл соңына дейін өңірдегі медициналық мекемелердің саны 15-ке артады

Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында басталған 15 медициналық нысанның құрылысы аяқталады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Нақтырақ айтқанда,  Исатай ауданына қарасты Жасқайрат,  Қызылқоғадағы  Жантерек, Жамансор ауылында медициналық мекеме пайдалануға беріледі.  Құрманғазыдағы Афанасьев, Азғыр, Қоңыртерек, Жасталап, Батырбек, Жалғызапан ауылында салынып жатқан  пункт  жыл соңында тұрғындарға қызмет көрсетіп бастайды.  Жоспар бойынша Құрманғазы ауданына қарайтын тағы 5 ауылда  фельдершлік-акушерлік пункт жұмысын бастауы тиіс.  Индер ауданына қарасты  Есбол ауылында салынып жатқан дәрігерлік-амбулатория  осы жылдың аяғында ашылады деп күтілуде. 

- Жалпы биыл облыста 26 медициналық нысанның құрылысы басталды. Оның жетеуіндегі жұмыс аяқталып, қолданысқа берілді. Олар Жылыой, Махамбет, Исатай, Құрманғазы ауданында орналасқан. Сондай-ақ Атырау қаласындағы  Жұлдыз ықшам ауданы  мен Амангелді ауылында бір ауысымда 25 науқас қабылдайтын дәрігерлік амбулатория жұмысын бастады , - деді облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Жақсылық Жанұзақов.

Еске сала кетейік, былтыр  10 медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның  үшеуі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асқан.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT