Жұқпалы аурулардан сақтанған жөн

Қызылша, қызамық, паротит, күл, көкжөтел, сіреспе, туберкулез, вирусты гепатиттер, тұмау, полиомиелит, гемофильді инфекция, пневмококкты инфекция - бұлар жұқтыруы оңай, емделуі ұзақ, денсаулыққа зиян келтіріп, ауыр түрде өтуі жəне асқынулар мен өлімге əкеліп соқтыруы мүмкін жұқпалы аурулар.

Бұлар, екінші жағынан, алдын ала екпе алу арқылы болдырмауға болады. Қазіргі таңда біздің елімізде алдын алуға болатын аурулардан екпе арқылы сақтануға сенімсіздік танытатын ата-аналар көбеюде. Басты себеп ретінде бір парасы діни сенімді желеу етсе, енді бір парасы əлеуметтік желілердегі əртүрлі жазбаларды сылтау етеді. Бас тарту жағдайлары өткінші, бас тартумен ғана шектелмей, əрмен қарай балалардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретіндігін бүгінгі жас ата-ана ескермесе керек немесе біле тұрып, екпеге деген өз сенімсіздігіген шыға алмайды. Шын мəнінде, екпе халықты жұқпалы аурулардан қорғайтын ең тиімді əдіс, ең нəтижелі жол. Бұған дәлел ретінде, қазақ тарихы беттеріндегі жазбалар да куə бола алады.

Мəселен, 1388-1478 жылдары өмір сүрген қазақтың әйгілі шипагер ғалымы Өтеубойдақ Тілеуқабылұлы өзінің "Шипагерлік баян" жазбасында шешекке қарсы екпені пайдаланғаны туралы жазады /Жалын - "Шипагерлік баян" 464 б/. Яғни аталмыш жазбаға үңілсек, екпенің тарихы көнеден басталады жəне ол адам денсаулығы мен өмірі үшін күресудің басты құралы болған. Дəл осы жазбада аты аталып отырған табиғи шешек ауруы жылдар бойы жүргізілген жүйелі екпе жұмыстарының нəтижесінде бүгінде адамдар арасында кездеспейтін бірден бір ауру деп есептеледі.

Медицина саласындағы халық денсаулығын қорғауға бағытталған ғылыми жетістіктерді ұтымды пайдаланатын біздің еліміз жұқпалы аурулардың алдын алу үшін мемлекет есебінен тегін екпе жүргізетін аурулар тізімін анықтап, Ұлттық егу күнтізбесін жасақтап, соған сəйкес екпе жұмыстарын ұйымдастырып-жүргізеді. Сол күнтізбеге сəйкес біздің ауданымызда да жоғарыда аталған жұқпалы ауруларға қарсы екпе салынады. Алайда біздің ауданымызда да екпеден бас тарту жағдайлары жылдан жылға көбейіп бара жатқандығы жасырын емес жəне жұқпалы аурулардың алдын алуға үлкен қауіп төндіретіні сөзсіз.

Мəселен, екпелерден бас тарту жағдайлары 2012 ж - 3, 2013 - 7, 2014 - 19, 2015 - 27, 2016 - 33, 2017 - 42, 2018 - 80, 2019 ж - 81 жағдайды құрап отыр. Бұл дегеніміз 2012 жылы туған балалар мектеп табалдырығын аттады деп есептегенде, мектеп оқушылары арасында жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті нашар, сырқаттануға қаупі мол белгілі бір топ қалыптасты деп байбалам салатындай жағдай. Сөзсіз, əлеуметтік желінің қарыштап дамыған уақытында сан түрлі ақпаратпен сусындаған əрбір адамның өз денсаулығы үшін алаңдап, медицинаның жетістігіне, екпенің қауіпсіздігіне күмəн келтіретін сəттері де болады. Бірақ алдын ала егу тек қана ата-ананың/қамқоршысының,т.б./ рұқсатымен ғана жəне денсаулықты толықтай тексергеннен кейін жүргізіледі.

Тіпті, екпе алғаннан кейін де бірнеше күн бойы медициналық бақылауда боласыз. Сондай-ақ, екпеге діндегі қарсылық туралы мешіт имамдарынан кеңес алуға болады. Халық денсаулығына қауіп төндірген бұл жағдайға байланысты аудан аумағында жыл сайын түсіндірме тобы жұмыс жасайды. Сол топ құрамындағы теолог мамандардың пайымынша, Құранда көрсетілмеген нəрселер əр саланың білім иелерінен сұралуы керек екен. Демек, екпенің маңыздылығын медициналық қызметкер, діндегі рұқсатын дін өкілдері айтқаны абзал. Сонымен қоса, екпе туралы кез келген сауалдың жауабын өзіңіз тіркелген медициналық ұйымнан алуға құқыңыз бар. Екпенің салынуы мен сапасы, əсері мен медициналық қарсылығы туралы да сұрауға құқылысыз.

Тек екпеден бас тарту арқылы өзіңіздің/балаңыздың денсаулығы мен өміріне қайтып орнына келмейтін қауіп төндірмеңіз. Ендеше, оқырман, ойланыңыз! Сіз екпеден бас тартқанмен, ауру адамнан бас тартпайды. Оның үстіне елімізде екпенің тегін жүргізілетінін ескерсек, мемлекет мүмкіндігін пайдаланбай ауру мен асқынуларға жол ашып, денсаулық пен өмірге қауіп төндіресіз. Сақтансаң, сақтайды. Сақтандыратын мемлекет барда сақтанайық. Екпе алу арқылы қорғанайық!

А.Қосымбаева

Индер аудандық ТКҚСҚБ басқармасының бөлім басшысы

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика