Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұған дейін кейбір ауру түрлері Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен (ТМККК) Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) көшірілетінін айтты. Бұл өзгеріс өңірлердегі медицинаның дамуы мен қызмет сапасына қалай әсер етеді? Жаңашылдықта қандай факторлар ескерілуі керек? Мәселені зерделеп көрдік.
Жаңа реформаның көздегені не?
Ең әуелі Денсаулық сақтау министрі ұсынған өзгеріске тоқталып өтсек. Ақмарал Әлназарованың айтуынша, медициналық сақтандыру реформасы аясында кепілдендірілген тегін медициналық көмекке кіретін әлеуметтік маңызы бар 13 ауру түрінің тек 6-уы ғана ТМККК пакетінде қалады. Олар: туберкулез, онкология, АИТВ, ЖИТС, гепатит және сирек кездесетін аурулар. Қалған 7 ауру түрі біртіндеп МӘМС-ке берілуі керек.
Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар аурулардың қазіргі тізіміне туберкулез, адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауру, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, қант диабеті, психикалық, мінез-құлық бұзылыстары, церебральды сал ауруы, жедел миокард инфарктісі, ревматизм, дәнекер тіннің жүйелі зақымданулары, жүйке жүйесінің дегенерациялық аурулары, орталық жүйке жүйесінің миелинсіздендіруші аурулары, сирек кездесетін аурулар.
«Негізгі міндет — ешкімді медициналық көмексіз қалдырмау. Екінші міндет — біздің азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесіне барынша тарту, олар да өз денсаулығы алдында міндеттеме алуы үшін керек», — деді министр.
Ел тұрғындарына арналған отандық медициналық қызметтер бүгінде екі пакетке бөлінген. Олар — «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру».
Ал әлеуметтік ауруға күдікті науқастар міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлемесе, оларға тегін диагностикадан өту құқығы берілмейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл кемшілік алдағы уақытта жойылуы керек. Ол үшін медицинаны қаржыландыру дұрыс құрылымдалуы керек.
Аймақтарға несімен тиімді?
Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда медициналық көмектің бірыңғай пакеті 2027 жылы іске қосылады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін қызметтерге қосу 2025 жылдан қарастырыла бастайды.
Медициналық көмектің бірыңғай пакеті медициналық көмек алатын тұрғындар үшін, соның ішінде өңірлерде тұратын азаматтарға несімен тиімді болады?
Бұл сауалға Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев былай деп жауап берді.
— Бірыңғай пакетке ТМККК-ның ең аз пакеті кіреді: жедел және паллиативтік көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған жағдайдағы көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және сақтандырылмағандар үшін шұғыл стационарлық көмек. Ал МӘМС базалық пакеті медициналық көмектің өзге барлық (созылмалы аурулар мен әлеуметтік маңызы бар ауруларға көмек көрсетуді қоса алғанда) түрлерін қамтиды. Ұсынылған модель қаржыландыру көлемі бойынша МӘМС-70%, ТМККК — 30% арақатынасын қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр. Ең әуелі МӘМС пакетіне динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар, әлеуметтік маңызы бар аурулардың жеті тобы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек біртіндеп беріледі. Бұл жерде өңірлердің тұрғындары үшін көптеген артықшылықтар туындайды деп күтеміз. Онкологиялық скринингтер пациенттің сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Барлық әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша күдік туындаған жағдайда тексерулер пациенттің сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артып, қызметтердің тарифтері нақты шығындарға сәйкес түзетіледі. Бұл жерде кейбір тұрғындарда «медициналық сақтандыруға ақы төлемесем, маған медициналық көмек көрсетпейді» деген қорқыныш туындауы мүмкін. Өзгеріс оған жол бермейді. Керісінше, аймақтарда МӘМС арқылы адамдарға қызмет көрсетіп отырған медициналық ұйымдарға түсетін қаражат көбейеді. Қаржыландыру ұлғайса, мүмкіндік де көбейетіні сөзсіз. Яғни медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізу медициналық көмекке қол жеткізудегі теңсіздікті шешіп, медициналық ұйымдарды неғұрлым ашық қаржыландыруға мүмкіндік береді, -деп түсіндірді басқарма басшысы.
Өңір медицинасындағы күрмеулі мәселелер
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Жангелді Шайымбетовтің пікірінше, Бірыңғай пакет өңірлердегі медициналық ұйымдардың дамуына үлкен мүмкіндіктер тудыруы мүмкін. Себебі МӘМС арқылы көрсетілетін қызметтердің саны өскен сайын олардың алатын қаражаттары да көбейеді. Бірақ әуелі қазіргі қалыптасқан проблемаларды шешіп алған жөн.
— Ертіс-Баян өңіріндегі денсаулық сақтау саласында біздің филиалымыз куә болып отырған негізгі үш мәселе бар. Ең әуелі, медициналық ұйымдардың цифрлануы кенжелеп тұр. Нақты сапаға қол жеткізуде барлық ақпараттар мейлінше қолжетімді болуы керек. Ашықтықты қамтамасыз етуде әр пациент өзінің шын мәнінде медициналық көмекті алғанын көрсетуі керек. Өкінішке қарай, кейбір жағдайда оны дәлелдеу мүмкін емес. Кейбір медициналық ұйымдар болмаған қабылдауларды, алынбаған анализдерді жүйеге енгізіп қойып, жұртшылық тарапынан арыз-шағымдар түсіп жатады. Мұндай кемшіліктерді біз шағым түскен жағдайда ғана көре аламыз. Биыл Астана қаласындағы медициналық ұйымдарда пациент өзінің медициналық көмек алғанын биометриялық бейнені анықтау (Face ID) арқылы растай алатын пилоттық жоба басталды. Жаңашылдық келер жылы облыстарға тарайды деп күтіліп отыр.
Екінші мәселе, медициналық ұйымдар арасындағы мәліметтердің кіріктірілмеуі. Ұйымдардың қолданатын ақпараттық жүйелері әртүрлі болғандықтан, қызметтер мен пациенттердің ауруларына қатысты ақпараттарды алмаса алмайды.
Соңғысы, медициналық мамандар тапшылығы. Бұл мәселе пациенттер тарапынан арыз-шағымның жиілеуіне себеп фактордың бірі.
Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар осы мәселелердің шешілуіне басымдық бергені жөн деп ойлаймын. Ал медициналық ұйымдарға қор тарапынан төлем жүргізу бұрынғыша Денсаулық министрлігі бекіткен тарифке сәйкес жүргізіле береді.
Олардың көрсеткен қызметі ақпараттық жүйелер арқылы бізге түседі. Бұл жерде бірден қаражат аудару деген сөз жоқ. Әуелі филиалдағы медициналық көмектің сапасын бағалау және шарттық міндеттемелерді мониторингтеу бөлімі көрсетілген қызмет сапасын тексереді.
Онда 16 тәжірибелі сарапшы жұмыс істейді. Мамандар бәрін сапалы тексеріп шыққан соң нәтижеге қарай қызмет қаражаты төленеді, -дейді филиал басшысы.
Қор өкілінің түсіндіруінше, жұрттың МӘМС-ке аударатын жарналары қорға емес, бірден Ұлттық банктің есепшоттарына түседі. Қор — осы қаражатты көрсетілген қызметтер бойынша бөлетін оператор ғана. Мамандар шағыммен өте көп жұмыс істейді.
Егер емделушіге медициналық мекемеде бейінді дәрігерге, кейбір медициналық анализдерге жолдама бермесе немесе қызметті ақылы алуға жіберсе және т. б. мәселелерге кезіксе, бірден сол ұйымдағы «Пациенттерді қолдау» қызметіне жүгінуі керек. Ал ол жерден мардымды жауап болмаса қорға шағымданғаны абзал.
Шағым негізді болса, жоспардан тыс мониторинг жүргізіледі. Бұдан бөлек ағымдағы, жоспардан тыс, нысаналы және проактивті мониторинг түрлері бар. Бұлардың барлығы медициналық қызметтің сапасын қадағалауға, емделушілер құқығын қорғауға бағытталған. Статистикалық деректерге ден қойсақ. МӘМС жүйесі енгізілгелі аймақтың денсаулық сақтау бюджеті екі есе өскен. 2019 жылы ол 42,5 млрд теңгені құраса, қазір бұл көрсеткіш 101,1 млрд теңгеге жетіп отыр. Медициналық оңалту мен консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге 15 есе көп қаражат бөлініп, МӘМС бойынша төленетін жоғары технологиялық операциялардың 28 түрі жасалып жүр.
Өңірде жылдың алғашқы 8 айында жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын сомаға операциялар жүргізілген. Ал бір отаның құны 1-10 млн теңге аралығында. Қормен шарт жасасқан, яғни МӘМС-тен ақша алып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету жауапкершілігін иеленген мекемелер саны — 72. Олардың 32-сі ғана мемлекеттік мекемелер.
МӘМС қаражаты - майшелпек емес
МӘМС арқылы өңірдегі емдеу ұйымдарын қаржыландырудың ең үлкен үлесі бастапқы емханалық деңгейдегі көмек (65) пен стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық көмекке (24%) тиесілі. Ал консультациялық-диагностикалық көмектің үлесі — 14,2%.
«Біздің мамандар жылдың алғашқы 8 айында емдеу ұйымдарының қызмет көрсету сапасы бойынша 43 070 ақауды анықтады. Нәтижесінде 634,8 млн теңгеге экономикалық ықпал ету шараларын қолдандық. Бұл мәселе барлық мекемелерге қатысты. Ал жыл басынан олардың қызметіне қатысты тұрғындар тарапынан 877 шағым түсті. Былтыр дәл осы кезеңдегі шағымдар саны 949 болған. Көрсеткіштің жағымды жаққа қарай өзгеруіне медициналық мекемелерде сапа болса, қаржы көбірек түсетінін түсіне бастағаны әсер етті деген ойдамын», -деп әңгімесін жалғай түсті Ж.Шайымбетов.
Жалпы бүгінде Павлодар облысындағы тұрғындардың 85,4%-ы немесе 650 мыңнан астам адам сақтандырылған. Бұлардың ішінде 400 мың азамат — 15 жеңілдік санатына кіреді, олар үшін жарналарды мемлекет төлеп отыр. Ал қалған 250 мыңы — қызметкерлер, жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар.
Бұған дейін Мемлекет басшысы сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту туралы тапсырма жүктегені мәлім. Мамандар бұл бағытта жұмыс жүргізе келе, жыл басынан жаңадан 21 377 адамды сақтандырған. Бірақ облыста әлі де 111 мыңнан астам адам сақтандырылмаған болып есептеледі. Қазір бұл мәселені шешуге қор мен облыс билігі бірлесе жұмыс жасап отыр.
Осы орайда кейбір тұрғындардың көкейінде «Қол-аяғым сау, ешқашан медициналық ұйымның табалдырығынан аттап көрмеппін. Ендеше мен қорға неліктен ай сайын жарна аударып тұруым керек?» деген сауалдың туындайтыны жасырын емес. Бұл сұраққа Ж.Шайымбетов былай деп жауап қайтарды:
«Жалпы МӘМС жүйесі дені сау адамның өз жарнасы есебінен өзге науқас адамға көмектесуі қағидасы негізінде жүргізілетіні рас. Кейбір адамдар үшін МӘМС-ке дейін көптеген медициналық көмек пен қызмет түрлері қолжетімсіз еді. Қазір оңалту шараларына науқастар кез келген уақытта бара алады. Жыл басынан 6 мыңға жуық адам оңалтудан өткен, соның ішінде ми қан айналымының бұзылуы бар пациенттердің 85,2%-ы денсаулығын түзеді. Мұның сыртында „Аңсаған сәби“ бағдарламасы аясында 3 жыл ішінде Павлодар облысында 180-ге жуық бала дүниеге келді. Биыл МӘМС шеңберінде ЭКҰ-ға тағы 266 квота бөлінді. Қаржыландыру медициналық көмектің 2 мыңнан астам түріне жүргізіледі. Осының барлығы аймақтағы медициналық қызмет түрлерінің көпшілікке қолжетімді бола түскенінің айғағы деп ойлаймын. Қор филиалы әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыс жағдайындағы азаматтарды МӘМС жүйесіне тартумен айналысып жатыр. „Е“ санатына кіретін азаматтар анықталып, олардың тұрғылықты жері, әлеуметтік мәртебесі, сақтандыру мәртебесінің болмау себептері бойынша егжей-тегжейлі талдау жасалды. Қазіргі уақытта Е және D санатындағы азаматтардың сақтандыру жарнасын бюджет есебінен төлеу арқылы оларды жүйеге тарту жайы қарастырылып отыр».
Қарызға белшесінен батқан ұйымдардың тағдыры не болады?
Бұған дейін Павлодар облысындағы бірнеше емдеу мекемесі кредиторлық қарызға белшесінен батып отырғаны туралы мәселе көтергенбіз.
Анықтағанымыздай, медициналық мекемелердің кредиторлық берешектері ұйымдардың басым бөлігіне тән әрі бұл үрдіс біраз жылдан бері жалғасып келе жатқаны байқалады.
Бұған дәлел ретінде өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан алынған ресми жауапты ұсынамыз:
«2022 жылдың қыркүйегінен бастап денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығы негізінде Май, Успен аудандық ауруханаларының, № 1 Павлодар қалалық ауруханасының (екі рет) және Екібастұз қалалық ауруханасының кредиторлық берешегін төмендету бойынша әдіснамалық көмек көрсету жөніндегі жұмыс тобының сапарлары жүзеге асырылды. Топ жоғарыда аталған ауруханалардың негізгі көрсеткіштеріне іріктеп талдау жүргізді, кредиторлық берешектің өсуіне әкеп соқтыратын бірқатар себеп анықталды. Кәсіпорындар әкімшілігіне берешектің өсуін төмендетуге қатысты іс-шаралар қабылдау жөнінде ұсыныс берілді. Уақтылы қабылданған шараларға сәйкес 2023 жылдың соңына қарай кредиторлық берешекті толығымен 3 медициналық ұйым (Ертіс, Май, Тереңкөл аудандық ауруханалары) өтесе, 4 медициналық ұйым айтарлықтай қысқартты (Успен, Железин, Аққулы аудандық ауруханалары мен Павлодар облыстық балалар ауруханасы)».
Басқарма бұған қоса кредиторлық берешектің өсуіне себеп болатын факторларды былайша келтіреді:
— Ургенттік және жоғары шұғылдық (жұмыс режимі 24/7);
— Қабылдау бөлімшесі бойынша кәсіпорындардың тікелей шығындары;
— Жансақтау бөлімшесіндегі қызметтер бойынша өтелмейтін шығындар, ақысыз симуляциялық операциялар, гистологиялық зерттеулерге ақы төлеу.
Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша кредиторлық берешек 5 медициналық ұйымда бар және олардың жалпы сомасы — 4 млрд 545,3 млн теңге (№ 1 Павлодар қалалық ауруханасы, Екібастұз қалалық ауруханасы, № 3 Павлодар қалалық ауруханасы, Павлодар облыстық балалар ауруханасы және Павлодар қаласының № 5 емханасы). Денсаулық сақтау басқармасы аталған ұйымдардың бірінші басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тартылып жатқанын мәлімдеді.
«Басқарма МӘМС қоры филиалының басшысы Ж.Шайымбетовпен бірге медициналық ұйымдардың бірінші басшыларын жинап, кредиторлық берешек мәселелері бойынша тыңдау өткізді. Осы тыңдауларда медициналық ұйымдардың қаражатты ұтымды және тиімді пайдалануын қамтамасыз ету, сондай-ақ емдеу-сауықтыру жұмыстарына зиян келтірместен қаражатты қатаң үнемдеу режимін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы тапсырма берілді», — деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.
Мамандар бұл мәселеге емдеу ұйымдарының қаржысы еш бақыланбайтыны себеп дейді. Яғни, емдеу ұйымдарындағы қаражатқа, сырттан сатып алу жүргізу көлеміне қадағалау жүргізілмейді. Оған заң рұқсат бермейді. Салдарынан мемлекеттік медициналық ұйымдардың кредиторлық қарызы өсе береді.
Бұл мәселе 2027 жылы енгізілетін медициналық көмектің бірыңғай пакетінде қарастырылып, бақылау тетіктері ұйымдастырылғаны абзал. Себебі бүгінде МӘМС арқылы Павлодар облысына келетін қаражаттың 70 пайызын мемлекеттік емдеу ұйымдары иеленіп отыр.