Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша негізгі қадамдарды ұсынды.
2026 жылдан бастап өңірлерге медициналық кадрларды тарту үшін Отбасы банкінің тетіктері арқылы әкімдіктердің қолдауымен арнайы бейінді тапшы бағыттағы мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету ұсынылады. Бұл әсіресе кадрлар тапшылығы ерекше сезілетін өңірлерге қатысты.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. «Қазақтелекоммен» және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2100 жедел жәрдем бригадасы бейнежетондармен, ал 644 қабылдау стационары — бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі Президенттің тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асырады: жаңа ауруханалар мен орталықтар салады, фармацевтиканы дамытады, цифрлық технологияларды енгізеді, дәрігерлердің мәртебесін көтереді және қорғайды.
Бұл қадамдар денсаулық сақтау жүйесін нығайтады және республиканың әрбір тұрғыны үшін медициналық көмекті заманауи және қолжетімді етеді.
Денсаулық сақтау Министрлігі


