Денсаулық сақтау саласындағы түйіткілді мәселелер шешімін таппақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялады. Онда медицина саласындағы түйіткілді мәселелер де сөз болды.

Мен Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен игі бастамаларының бәрін толықтай қолдаймын. Жолдау бұл тек жай ғана қағаз бетіндегі құжат емес, бұл алдағы өмірге деген межелі мақсат, мерейлі міндет.

Ол, сондай-ақ, Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігін алға тартты. Ол Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізетінін де қоса айтты.

Біздің Құрманғазы ауданында да бұл бағытта бірқатар іс тындырылды, әлі де біраз жұмыстар жасалмақ, жарқын жобалар жүзеге асырылып, жаңа бастамалар қолға алынатын болады. Түптеп келгенде, мұның бәрі де болашақтың қамы үшін жасалып жатқан дүние. Өйткені, біз тек бүгінгі күнмен өмір сүрмеуіміз керек. Алдағы ұрпақ қалай және қаншалықты сапалы өмір сүре алады, соны да ойлау қажет. Қалай болғанда да, тіршілік етуге қажетті барлық ресурстың болғаны жақсы ғой. Кейінгі толқын балаларымызға не қалдырамыз, сол маңызды. Міне, жыл сайын жарияланатын Президент Жолдауының негізгі мақсат-міндеті де осы деп ойлаймын.

Бір айтып өтерлігі, биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінген екен. Алайда, Президент оның нәтижесі әлі көрініп жатпағанын сынға алды.

«Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес» деді ол.

Осы ретте, Қасым-Жомарт Кемелұлы бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау қажеттігін атап айтты. Ал, бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының қажеті шамалы. Президент жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет екенін еске салды. Енді Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отырады.

Ендеше, денсаулық сақтау саласындағы осы және өзге де мәселелер көп кешікпей өз шешімін табатындығы көңілге сенім, жүрекке үміт ұялатып отыр. Ендеше, алар асуымыз аласармасын, бағындырар биігіміз көп болғай деген тілек айтқым келеді.

Римма Габдушева,

аудандық аурухана терапия бөлімшесінің бас дәрігері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT