Әр жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісі ЖИТС-тан қайтыс болған адамдарды еске алу күні деп белгіленген. Бұл ЖИТС-пен ауыратын науқастардың және АИТВ инфекциясын тасымалдаушылардың жағдайына, сонымен қатар әлемде осы аурудың таралуына дүниежүзі жұртшылығының назарын аударту мақсатында жасалады.
Осы тұрғыда АИТВ инфекциясының алдын алу бөлімі күрделі жұмыстар жүргізуде. Бөлімнің негізгі мақсаты – халық арасында АИТВ-инфекциясының алдын алу шараларын ұйымдастыру. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс. Организмде иммунитет тапшылығын тудыратын бұл індеттің алдын алу – кешенді шараларды жүргізуді талап етеді.
Облыстық ЖИТС орталығы жергілікті атқару органдарымен, денсаулық сақтау, білім, жастар саясаты басқармаларымен, басқа да салалармен және қоғамдық ұйымдармен бірге АИТВ инфекциясының алдын алу шараларының жоспарын жасақтап, орындалуын қамтамасыз етеді. Ішкі істер, Қорғаныс министрлігі, Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде АИТВ-ның алдын алу шаралары ұйымдастырылып, жеке құрам мен медицина қызметкерлерінің, сотталғандардың арасында семинар, тренингтер, т.б. шаралар жүргізіледі.
Әлеуметтік осал топтарға жататын коммерциялық секс қызметкерлері, инемен есірткі тұтынушылар, еркектермен жыныстық қатынастағы еркектер “Зиянды азайту” бағдарламасы негізінде алдын алу бағдарламасымен қамтылады, АИТВ-ға тексеріледі. Олардың арасынан жұмысқа аутрич-қызметкерлер тартылады. Аутричтер “Тең-теңіне” ұстанымы (принцип “Равный-равному") бойынша өз тобына АИТВ-ның алдын алу шараларын жүргізуге көмектеседі.
Әлеуметтік осал топтарды қамту үшін орталықта Достастық кабинеті мен сенім бекеттері жұмыс жасайды. Халыққа, бизнес-құрылымдарға АИТВ/ЖИТС-тің таралу және алдын алу жолдары туралы ақпарат беру, түрлі салалар мамандарын, жалпы орта білім беретін мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында мұғалімдерді, оқушыларды және студенттерді оқыту ұйымдастырылады, санитарлық-ағарту шаралары жүргізіледі, ақпараттық материалдар таратылады.