Өткен жылдан бері дүйім жұртты дүрліктіріп келген коронавирус індетін ауыздықтауда пәрменді шаралар қабылданғаны белгілі. Өткен жазда біраз әбігерге салған індет қоңыр күз келгелі саябырси бастағандай.
Индер аудандық санитариялық - эпидемиологиялық қадағалау басқармасы келтірген деректерге сүйенсек, жыл басынан бері 964 адам індетке шалдықса, 702 сиптомды, 263 сиптомсыз түріне шалдыққан. Жыл басынан бері 14 адам індет салдарынан қайтыс болған екен. Аудандық ауруханада 12 адам ем қабылдап жатырса, 4 науқастың жағдайы өте ауыр болса, 4 науқастың жағдайы орташа, 4 адамның жағдайы қалыпты көрінеді. Аудан бойынша 13 мың 285 адам вакцина алу керек болса, 6 мың 487 адам вакцина алып үлгерген. Ауданға «Спутник-V», Хаят, Корона-Вак, «Версель» екпе түрлерінен 13 мың 176 дана вакцинасы жеткізілген көрінеді.
Халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан бойынша 7531 аула тіркелсе, күні бүгінге 5672 аулада түсінік жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға екпе алудың маңыздылығы түсіндірілді. Түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған мобильдік топтармен санитарлық талаптарды өрескел бұзған 16 жеке тұлға 1 заңды тұлға анықталып, айыппұлдар өндірілген көрінеді. Жалпы аудан бойынша жағдай тұрақталып келеді.
С.КӨШЕКОВ